Талдықорғанда жол сапасына қатысты лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды

Талдықорғанда жол сапасына жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оннан астам лауазымды қызметкер жол күтіміне салғырт қарағаны үшін назарға ілінді. Біздің тілшілеріміз жолға қатысты тақырыпты өткен аптада көтерген еді. Талдықорған қалалық полициясы 70-тен астам көшені тексеріп, жергілікті әкімдікке жолдардың әбден тозғаны туралы ақпарат жолдаған. Тиісті мекемелерден белгіленген мерзім ішінде жауап берілген. Дегенмен, бұл жолы әкімдік қызметкерлері хатқа жауап берумен ғана сытылып кете алмады. 

Ақбота Әзірбек, Алматы облыстық ПД ресми өкілі:

- Нәтижесінде 72 көше, жол аймағы тексеріліп, 70-тен астам анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жазбаша өкім жолданды. Жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 11 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды және де жол учаскелері басшылары да жолдардың нашар жай-күйі үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.