Қарағандыда жарты ғасырлық перзентханаға алғаш рет жөндеу жүргізіледі

Қарағандыда жарты ғасыр бұрын берілген перзентханада алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тозығы жеткен нысанда ақ халаттылар талай ана мен баланың өміріне араша түсіп, қызмет етіп келеді.

Дәрігерлердің айтуынша, ғимараттың қайта түлеп, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы жұмыс сапасын жақсарта түседі.

Жарты ғасырлық перзентхана өңірдегі ең маңызды медициналық мекемелердің болып есептеледі.  Іргелес аудан-қалаларда тұратын, денсаулығында кінәраты бар жүкті әйелдер осы жерде босанады. Елу жылда ел жаңарғанымен елеусіз қалып келген перинаталды орталық енді жаңа кейіпке енетін болды. 

Александра Моторгина, перинаталды орталық жетекшісі:

- Біріншіден, қабылдау бөліміне «3-H» жүйесі енгізіледі. Бұл пациенттердің жағдайын қабылдау бөлімінде-ақ анықтап, шұғыл көмек көрсету мүмкіндігі. Ал жоспарлы емделетіндер басқа есіктен кіреді. Сондай-ақ жабық пандус, арнайы ана мен бала бөлмелері іске қосылады. Психологиялық көмек бөлмесі болады. Бұдан бөлек материалдық және техникалық база, босандыруға қажетті құралдар түгелімен жаңартылады.  

Гүлімнің осында жатқанына бүгін бір ай болды. Әу баста тұңғышын бауырына басар-баспасы да екі талай болған. Алайда дәрігерлердің білікті тәжірибесінің арқасында шала туған шақалақ адам қатарына қосылды. Бүгін үйге шығады.

Гүлім Әсет, Қарағанды қаласының тұрғыны:

– Менде летальный исход болуы мүмкін еді. Менде де, балада да. Себебі ол кезді айту қиын қаншама баланы көтеріп жүрдім, бір мезетте менің де, баланың да өміріне қиындық туғанда дәрігерлер араша түскеніне мың да бір алғыс айтамын.

Перзентханада салмағы 500 грамм болып туған шақалақ та адам қатарына қосылған. 175 пациентке арналған медициналық нысанда жылына кемі 6 мың бала жарық дүниеге келеді. Күрделі жөндеу жұмыстарына 400 миллион теңге бөлініпті. Модернизациялық жұмыстар жарты жылда толық аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев