429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында су тасқыны қаупі сейілді

  • 101
  • UPD: 22:53, 23.04.2021

Өңірдің оңтүстігіндегі Баянауыл ауданында жағдай тұрақталған. Жыл сайын Қарағанды облысынан келетін мол судың деңгейі төмендепті.

Қарлығаш Қасиетова, тілші: 

- Қаныш Сәтбаев атындағы ауылды су тасқынынан қорғайтын негізгі бөгет осы. Жыл сайын тасыған су бөгетті бұзып жарып, елді мекен арқылы өтетін. Ауыл тұрғындары әр көктемді үреймен қарсы алатын еді. Еріген қар суы үй аулаларына жетіп, мал мен жанға қауіп төндіретін.

Ержанат Жанайдар, ауыл тұрғыны: 

- Ол кезде ауылда семьямыз, бала-шағамызды бәрін сыртқа жібереміз, қалаға. Малды фермаға апарып қосып тастаймыз. Үйге қонбаймыз. Сол жағдай. Қазір ондай қауіп жоқ. Жоғары жақтан келеді су, судың өзі арнасы, бір уақыты бар, бір жұма. Содан кейін ақырын-ақырын төмендей береді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Көктем шығып, күн жылынған сәттен бастап бұл аумақ қатаң бақылауға алынады. Мамандар күн сайын судың деңгейін тексереді. Өзеннің жағасына арнайы техника әкеліп, құтқарушылар тәулік бойы күзетшілік етеді. Қазір жағдай тұрақты. Үлкен судан келетін қауіп сейілген.

Саят Сейпетденов, Баянауыл ауданы ТЖ бөлімінің басшысы:

- Өрт сөндіру және апаттық құтқару техникасы қауіпті аумаққа қойылды. Мониторинг тобымен судың ағысын зерттеуге байланысты көптеген жұмыстар жүзеге асты. Қазір Баянауыл ауданында тасқын судан қауіп жоқ. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

 - Осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жұмыстар атқарылды. Ауылды жағалай үш шақырымдық гидротехникалық құрылғылар орнатылды. Ол қиыршық тас толтырылған торлармен қапталған. Сонымен қатар Қарасу өзенінің түбі тереңдетіліп, жағаларына топырақ үйілген. Бұл өзеннің ағысын реттеуге мүмкіндік берді. Биыл көктем салқын болды. Сондықтан қар біртіндеп еріп, жерге сіңіп кетті. 

Авторлар: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы