Елімізде бүгіннен бастап «Киелі табиғат» атты республикалық акция басталды

Киелі табиғат. Дәл осындай атаумен бүгін республикалық акция басталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жобасы қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдары тарапынан қолдау тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген ағаш отырғызылды. Саябақтар мен көшелер абаттандырылды. Енді осы жоба аясында өзен жағалары мен орман іші тазаланып, қоршаған ортаны сақтауға қатысты бірқатар шара ұйымдастырылмақ.

Елордадағы ботаникалық бақ. «Экологиялық акцияның ресми ашылуы осында өтті және бұл бірер сағат не бірер күн болатын шара емес, бір ай бойы жалғасатын жоба», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі. Аида Балаева бастаған ведмоство өкілдері күнделікті костюмдерін жұмыс киіміне, папкаларын күрек-шелекке алмастырып, абаттандыру жұмыстарына ден қойды. Парк төріне ондаған шырша отырғызды.

Министрлік бастамасын қаладағы басқа да мемлекеттік мекемелер іліп әкетіп, көгалдандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысты. Әсіресе, жастар ұйымдарының белсенділігін ерекше атап өту керек.

Акция аясында түсіндірме жұмыстарына да ерекше екпін берілмек. Әсіресе, экология мәселесіне арналған семинарлар ұйымдастыру жоспарланып отыр. «Бұған қоса, осы тақырыптарды қамтитын театрландырылған қойылым жасап, жаз айларында балалардың назарына ұсынамыз», - дейді басы-қасындағылар.

Экологиялық жобаның негізгі бөлігі бір ай көлемінде өтеді. Оның нәтижесі 25 мамырда жарияланады. Ал, оның барысымен әлеуметтік желідегі «Киелі табиғат» деп аталатын парақшалардан танысуға болады.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Сұлтанғазы