427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бурабайда биыл бірнеше туристік бағыт ашылды

  • 124
  • UPD: 15:27, 24.04.2021

Биыл Бурабайда жаңа демалыс айлағы ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аумағы 233 гектар болатын курорттың осы жазда алғашқы кезеңі іске қосылады. Жобаны толық жүзеге асыру 2030 жылы аяқталады. «Бұл Бурабайдың жаңа дәуірі болады», - дейді сала мамандары. Биылғы демалыс маусымында туристерді тағы қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Дамир Берікұлы, тілші:

- Солардың бірі «Жаңартылған Бурабай» деп аталады. Ол Абылай хан алаңынан басталып, Көкшетау қыратының басына дейін алып барады. Ал, онда 135 метр биіктікте маңайды шолуға мүмкіндік беретін жаңа көру алаңы салынған. Оған 20-25 минутта көтерілуге болады. Бірақ тауға шығу екінің біріне оңай соқпайды.

Иә, тау басындағы көріністі сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұрын бұл араға туристер өздері түрлі жолдармен келетін болса, қазір осындай арнайы бағыт ашылып, демалуға жағдай жасалған. Бурабайда жаңадан бой көтерген нысандардың тағы бірі – Абылай хан алаңындағы мультимедиалық-интерактивті кешен. Онда еліміздің ежелгі тарихынан бастап, бүгінгі болмысы жайлы сыр шертетін түрлі алаңқайлар бар. Ал, мұндағы ең ерекшесі, Қазақстанның барлық туристік орындарын небәрі 15 минутта шолып шығуға мүмкіндік беретін виртуалды тақта.

Мирас Өзбеков, туризм мекемесінің менеджері:

- Ашылуға дайынбыз. Бірақ өкінішке орай, коронавирустың кесірінен қонақтарды біз қарсы ала алмаймыз. Бір мезетте 30 адам бола алады. Сол енді біз Ақмола облысы «қызыл» аймақта болғаннан кейін санитарлық дәрігердің қаулысын күтіп отырмыз. Бәрі соған байланысты боп тұр қазір.

Ал, Текекөл мен Үлкен Шабақты көлдерінің аралығынан орын тепкен жаңа демалыс айлағында әзірге құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұйыртса, тамыз айында алғашқы нысандар іске қосыла бастайды. Жоба бойынша мұнда 12 киіз үй мен 70 шақты шале стиліндегі жер үй жайғаспақ. Негізгі бағыт – экотуризм. Көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген «Орман қорғаушысы» атты алып мүсін де осында орналасқан. Оның қатары енді тағы басқа сәулет туындыларымен толығады. Тек пандемия кедергі болмаса болғаны.

Шыңғыс Оразалин, туризм мекемесінің бөлім жетекшісі:

- Биыл бізге пандемия кері әсер етпейді деп ойлаймыз. Себебі, қазір бизнестің кедергісіз жұмыс істеуі үшін «Ashyq» секілді жобалар қолға алынып жатыр. Соның арқасында осы жылы туристерді емін-еркін қабылдай аламыз деп ойлаймыз. Мәселен, былтыр туристік науқан болғанымен, ол ойдағыдай болмады. Шектеулер көп болды. Биыл бәрі жақсы болады деп сенеміз.

Айта кетейік, былтыр Бурабайға карантиннің салдарынан туристер жылдағыдан 30%-ке аз келген. Туризмдегілер биыл ондайға жол беріле қоймас деген үмітте. Сол үшін дайындалып та жатыр. Мәселен, алдағы мамыр айында осындағы марал шаруашылығы енді агротуризм орталығы ретінде қайта ашылады. Сондай-ақ сол маңайдан этноауыл бой көтереді. «Келушілерге ыңғайлы болу үшін автотұрақтар да кеңейтіледі», - дейді сала мамандары.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы