Ы.Алтынсариннің 180 жылдығы: елордада көшпелі көрме өтіп жатыр

Елордада ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына арналған «Даланың дара ұстазы» атты көшпелі көрмесі өтіп жатыр.

Ұлттық музей және Қостанай облыстық мемориалды мұражайы ұйытқы болған шарада белгілі ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті.

«Үміт еткен көзімнің нұры балам...» атты жиында ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмір жолы ұлықталды. Әдебиет және ғылым саласының өкілдері тұтас ұлтқа ұлағатты ұстаз бола білген қоғам қайраткерінің мол мұрасы жөнінде ой өрбітті.

Серікбай Оспанов, ыбырайтанушы:

– Жалпы, Ыбырайдың тұлғасы мен дүниетанымы қандай еді?! Соның бәрі қайта жазылды. Бұрынғы дүниетанымы бекер, оның бәрі саясаттандырылып айтылды. Біз оны атеист етіп көрсетіп қойдық. Ол Құдайдың жолындағы адам.

Көшпелі көрмеге музей қорындағы бірегей құнды жәдігерлер қойылды. Ыбырай Алтынсариннің отбасы қолданған төсекқап, жазу құралы, ас ішкен ағаш табағы мен қымыз ішкен тостағаны, 1864 жылы Торғайда ашқан тұңғыш қазақ орта мектебінің саман кірпіші мен мектеп қоңыраулары да бар.

Марғұлан Оспанов, Ы.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық мемориалдық музейінің директоры:

– Алтынсариннің атын асқақтату кезінде біз әлі де болса өз деңгейіне шығара алмай келе жатқандығымыз рас. Себебі Ы.Алтынсарин тек қана қазақ мектептерін қалыптастырушы ғана емес, түркі халықтарының үлкен ұлы мақсатқа қол жетуіндегі алда тұрған ұлы тұлға деп есептейміз. Алаш арыстары Алтынсарин еңбегінің жемісі деп есептейміз.

Айта кеткен жөн, 20 сәуірде ашылған көрме 5 мамырға дейін жалғасады.

Мирлан Алтынбек, Искандер Серғалиев