Түркістан облысында ата-аналар жаңа мектептің салынуына мұрындық болды

Ленгір қаласында заманауи білім ошағы бой көтереді.

Мұндағы 80 жылдық тарихы бар №1 мектеп-гиманазияның ғимараты әбден ескірген. Осы себепті халық аудан әкімдігіне жаңа оқу ғимаратын салу туралы өтініш айтқан екен. Сөйтіп, көптің тілегі қабыл болып, Түркістан облысында тағы бір мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Қазір 300 орынға лайықталған нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Жұмысшылар 3 қабатты ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, мұнда заманауи оқу бөлмелері, физика, химия кабинеттері, интерактивті тақталар мен компьютер сыныптары жұмыс істейді. Жоба құны – 780 млн теңге.

Сейітқасым Тілеуқабылов, мердігер мекеменің өкілі:

– Материалдың бәрі сапалы, жұмыс жақсы жүріп жатыр. Білікті мамандар істеп жатыр. Мектеп директоры да, ата-аналар да келіп, сапасына атсалысып жатыр. Қазір бұрынғыдай емес, бәріне қызығушылық бар. Өйткені мұнда балаларымыз, немелеріміз оқиды.

№1 мектеп-гиманазиясының салынғанына 80 жылдан асқан. Талай шәкіртті тәрбиелеп шығарған мектеп ғимараты бүгінде әбден тозған. Ата-аналардың айтуынша, соңғы жылдары бала санының көбеюіне байланысты тарлық қыла бастаған. Оның үстіне асхана, спорт залы сияқты қосымша насандары болмапты. Сондықтан олар заманауи жаңа мектеп салу туралы бастама көтерген. Қазір білім ордасының өз спорт залы мен шеберханасы, акт залы мен асханасы бар.

Үсіпхан Жақсыбаев, ата-ана:

– Осы мектепті менің анам бітірген. Ағам оқыды, өзім бітірдім. Және екі ұлым бітірді, үшінші ұлым оқып жатыр. Бұрынғы мектеп кішігірім, ескілеу еді. Бәріміз жаңа мектеп болса деп ұсыныстар жасап, заманға сай спорт залдар мен асханасы болса, жақсы жағдай жасалса деп едік, соған байланысты осы ғимарат салынып жатыр. Алғысымды айтамын. Біздің немереміз оқиды деп үміттенеміз.

Жалпы қазір Төлеби ауданы бойынша бұдан бөлек, тағы екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бірақ олар бала саны көп елді мекендерден бой көтереді.

Азамат Құрбанбеков, аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы

– Екінші мектебіміз Ақбастау елді мекенінде, ол да 200 орындық. Оның құны – 814 млн теңге. Үшінші мектебіміз Қайнар елді мекенінде, 200 орынға арналған. Оның құны – 515 млн теңге. Қазір осы үш мектепті өндірістік кестеге сәйкес биыл тапсыру жоспарланып отыр.

Аудандық білім бөлімі мамандарының айтуынша, келесі жылы тағы да 8 білім ұясының құрылысы басталмақ. Қазір құжаттары дайындалып жатыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы