427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында вакциналау бекеті ашылды

  • 183
  • UPD: 23:42, 24.04.2021

Маңызды шараға отандық эстрада жұлдыздары мен мәдениет саласының мамандары қатысып, халықты екпе алуға шақырды.

Жаңа вакциналау бекеті «Керуен» сауда орталығының екінші қабатында орналасқан. Мұнда нөмірі 9 қалалық емхананың 12 медицина маманы қызмет көрсетіп жатыр. Олар таңғы сағат 10-нан бастап кешкі 8-ге дейін келушілерді қабылдауға дайын. Әр азамат ең алдымен терапевт-дәрігермен кеңескеннен кейін ғана екпе салдырта алады.

Тимур Мұратов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 100 пункт қызмет жасап тұр. Біреуі – осы Керуендегі. Неге біз сауда орталықтарында ашып отырмыз? Ыңғайлы болсын деп халыққа. Көпшілігі отбасымен келіп тұрады. Біздің негізгі қызметіміз – халыққа жақындату, ыңғайлы ету.

«Керуендегі» вакциналау бекеті күніне 300 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда шамамен 3 күнде бір рет қоймадан вакцина жеткізіледі. Бүгін алғашқы болып келгендер арасында отандық эстрада жұлдыздары мен өнер адамдары бар.

Дос, әнші:

– Осындай індетке шалдығып жатқаннан кейін, оны керісінше, жеңбесе, қашып жүргеннен ешбір пайда болмайды деп ойлаймын. Көп ойландым. Осы шешімге келдім. Алу керек. Барынша тез індетті жеңіп шығу керек деген ойдамын.

Алмас Алтынбеков, «Қазақконцерт» МКҰ директорының орынбасары:

– Бүкіл әлем болып, вакцина алып жатқаннан кейін дұрыс деп ұйғарып, екпе алдық. Барлықтарыңызды шақырамыз, келіңіздер. Ұзақ уақыт күтпейсің. Өте жақсы жүйе құрастырып қойған.

Бұл бекетті ашпас бұрын жауапты мамандар тексеріп, жергілікті ауа температурасына дейін өлшеген. Кейін ғана вакциналауды бастауға өз рұқсатын берді. Бұл бекет барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жасақталған. Сол себепті, екпе салдыртудан қорқудың еш қажет жоқ.

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын:

– Өзін, туған-туысын ойлаған адам, мемлекетіне жаны ашыған адам алу керек деп ойлаймын. Өйткені тәжірибе де көрсетіп жатыр. Израиль мемлекеті 70 пайызға алып, жас балаларды да егуге дайындалып жатыр. 19 ғасырда өмір сүріп жатырған жоқпыз. Ғылым мен технологияның жетістігін көріп отырған уақыт.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елордада 90 мыңға жуық адам вакцина алып үлгерді. Барлығы 600 мыңнан астам азаматқа екпе салу жоспарда бар. Ал жалпы республика бойынша ай соңына дейін 2 миллион тұрғынның иммундау кампаниясына қатысуы көзделген.

Дариға Ташенова, Бекболат Базаров

Хабар 24 телеарнасы