Қазығұрт ауданында шаруашылыққа қажетті дүниені құрастыратын өнертапқыш тұрады

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы мен күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелерді қолдан құрастыратын өнертапқыш тұрады. Он саусағынан өнер тамған шебер жем тартқыш, шөп турағыш, кірпіш құятын аппараттың неше түрін қолдан жасап шығарған. Құрылғылар қарапайым болғанымен шаруалар үшін атқаратын қызметі орасан.

Бұл түктеп жиналған шөпті малға ұнтақтап, турап беретін құрылғы. Оның ерекшелігі – бір ғана адам трактордың соңына тіркеп алып, бордақылау алаңындағы мыңдаған ірі қараны азықтандырып шығуға болады.

Өнертапқыш Бейбітшілік Әліқұлдың айтуынша, аппарат тек шөпті ғана емес, жүгері соясы мен қамысты да турай береді. 

Шебер бұндай құрылғыға  малды көп өсіретін еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінен тапсырыс көп түсіп жатқанын айтады. Сынтас ауылындағы бұл үйдің ауласы шағын зауыт іспетті. Есік алдында қолдан құрастырылған неше түрлі құрылғы тұр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлы Жәнібек те әкесінің қасында жүріп, темірдің тілін үйренген. Қазір өзі де кез келген дүниені жасай береді. 

Жәнібек Әліқұл, Б.Әліқұлдың ұлы:

- Бұл жем тартатын аппарат. Трактордың көмегімен тартады. Сағатына 3 тоннаға дейін тартады. Бұл сатылып кетті. Енді бізге осының тоқпен жұмыс істейтініне тапсырыс түсті. Мынау қаңқасын құрап қойдық. Енді осыны істейтін деп жатырмыз. Бұл да бидай, арпа, жүгеріні тарта береді. Сағатына 3 тоннаға дейін. Тапсырыс көп. 

Ал бұл жем тартатын аппарат. Оны да Бейбітшілік Әліқұлдың өзі құрастырған. Айтуынша, 2 минутта 100 келі бидайды жемге айналдырады. Ауыл тұрғындары жемді осы үйге келіп тартқызады. Бидайдың әр қабына 200 теңгеден ақысын алады. Бұдан бөлек қыштан кірпіш құятын құрылғы ойлап тапқан. Оның қалыбын да әртүрлі формада етіп өзі жасаған. Өнертапқыш жасаған барлық дүниелерін өзі ойлап табатынын айтады.

Бейбітшілік Әліқұл, өнертапқыш:

- Сосын кішкентай грануляторлар жасаймыз. Шөп пенен жемді араластырып, комбикорм жасайды. Оны балыққа Балқаштың балалары алып кетіп жатыр. Өзім ойлап тауып жатырмын бәрін. Еш жерде сызылмаған, көрілмеген. Өзімнің қиялымнан, өз ойымнан жасалып жатыр.

Он саусағынан өнер тамған шебер қажетті шикізатты темір қабылдайтын орындардан сатып алатынын айтады. Себебі ескі заттар, қазіргі дүниелерге қарағанда сапалы болады дейді. Бағасына келіссе, кез келген құрылғыны жасап береді. Қазір зейнет жасындағы шебер бар білгенін ұлы Жәнібекке үйретуде. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы