Арал теңізінің кеуіп кеткен ұлтанына сексеуіл егу бағдарламасы қабылданады

Елде Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанына сексеуіл егу бағдарламасы қабылданады.

Сондай-ақ биыл Арал маңының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жоба басталады. Жобаға Германияның экономикалық әріптестік және даму федералды министрлігі 8 миллион еуро бөлген. Жоба Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Қарақалпақстан, Өзбекстанның Хорезм облыстарында жүзеге асады. Бұл туралы еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары кезінде мәлімдеді.

Жалпы Арал тартылғаннан кейін 4 миллион 6 жүз мың гектар жер құрғап қалған. Оның 2 миллионнан аса гектары Қазақстанда, ал 2,3 миллионы Өзбекстан аумағында жатыр. Осы жерден жыл сайын 100 миллион тонна тұзды құм көшіп, әлемдік экологияға кері әсерін тигізіп келеді. Ал мұнда егілген 1 түп сексеуіл, 4 тонна құмды тоқтата алады. Бүгінге дейін мың гектар жерге 2 миллионға жуық көшет отырғызылды. 2025 жылға дейін тағы 213 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланған.