СҚО-дағы Имантау-Шалқар курорттық аймағына баратын жол шұрық-тесік

Ғабит Мүсірепов ауданынан Саумалкөлге дейінгі арақашықтық жүргізушілерді әбден мезі қылды.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – Ғабит Мүсірепов пен Айыртау аудандарының орталықтарын қосатын негізгі тас жол. Саумалкөл ауылынан Новоишимское ауылына дейін шамамен 90 шақырым. Осы екі аралық әбден тозған. 

Жолдың жайын жүргеннен сұра дейді. Саумалкөл - Новоишимское ауылдарының арасында күніне 1 мың көлік қатынайды. Жүргізушілердің айтуынша, жол шұрық-тесік.

Иван Иванов, Саумалкөл ауылының тұрғыны:

- Жол өте нашар. Мен бұл жақпен күнде жүремін. Бұл туралы айттық та, жаздық та. Өткен күзде шұңқырларды бітеген. Жөнделсе жақсы болар еді.

Биыл тас жолдың 11 шақырымы жөнделеді. Оған облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Бұл Имантау-Шалқар курорттық аймағына баратын бағыттардың бірі. Айыртау ауданында қалпына келтірілетін бұл жол ғана емес.

Сәкен Өтебаев, Айыртау аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Сонымен қатар Лавровка - Қарақамыс бағытындағы 28 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаты мен сараптамасы дайын. Имантау көліне жол салынады. Және де Лобановодан Зерендіге дейінгі аралық жоспарланып отыр.

Өңірде соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алып келеді. Биыл облыс бойынша 2 мың шақырым жол жөнделеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов