БҚО-дағы «Сырым» өткізу бекетінде ұзын-сонар кептеліс пайда болды

Бұған Ресейдің жүк көліктерін технологиялық тексеру процесіне енгізген өзгерістері себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір көрші мемлекет жағында 600-ге жуық, ал біздің елдің шекарасында 100 шақты көлік қаңтарылып тұр. Бейтарап аймақта тағы 40 жүк көлігі кезегін тосуда. Мамандардың айтуынша, ресейліктер көліктегі жүкті толық тексеруден өткізу үшін инспекциялық тексеру кешенін іске қосқан. Алайда «Маштаково» өткізу бекетінде жүкті рентген аппаратымен қарау мүмкіндігі жоқ. Ал жүздеген көліктегі қыруар жүкті қолмен түсіріп, тексеруге уақыт кетіп жатыр.

Ерболат Ғайнешев, облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы:

– «Маштаково» автомобиль өткізу бекетінің шекара қызметінің талабы әрбір жүк көлігінде технологиялық өту мүмкіндігі қарастырылуы керек. Егер де мұндай өту мүмкіндігі болмаған жағдайда жүкті түсіру арқылы толық тексеру тағайындалады да, сол үлкен уақыт алып, сол себептен кептеліске әкеліп отыр. Біздің Қазақстан шекара қызметкерлері мен Мемлекеттік кірістер департаменті жағынан ешқандай кемшіліктер жоқ, әрбір көлікті өз уақытында рәсімдеп отыр.