427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысы Қалжат ауылының халқы сапалы суды 40 жылдан бері күтіп отыр

  • 126
  • UPD: 22:17, 26.04.2021

Алматы облысы Қалжат ауылының халқы 40 жылдан бері сапалы ауыз су күтіп отыр. Қытаймен шектесетін шептегі елді мекенге тіршілік нәрі өткен ғасырда тартылған екен. Алайда суағарлардың біразы бұзылып, істен шыққан. Тұрғындар оны өз күшімен жөндеп әбігерге түсуде. Кейде арықтың суын ішуге мәжбүр.

- Ауыл да ішеді. Мал да ішеді.

Ауыл тұрғындарының басым бөлігі тіршілік нәрін осы өзеннен тасып ішеді. Оның өзі жаздың аптап ыстығында тартылып кететін көрінеді. Сол кезде елдің күні бес алты колонкаға қарап қалады екен.

Нұрым Ілиясов,  ауыл тұрғыны:

- Бізде колонкада бір шығады, бір шықпайды су. Су мәселесі қиын болып жатыр. Тауда алғаннан мал көп. Фонтан дейді төменгі жақта сол жақтан машинамен тасимыз. Сатып аламыз қысқасы водовоз он екі мыңнан сатып аламыз. Сонымен жан бағып жүрміз.

Болат Ақсаниев,  ауыл тұрғыны:

- Көршілер жиналамыз да варить етіп жасап аламыз. Мынау басқан кезде шарик болады. Шарик бітеледі, су шығарады. Қоя бергенде шарик бітеледі. Қазір жоқ.

Әбіләкім Рахманов,  ауыл тұрғыны: 

- Бұл мәселені көтергенімізге көп болды. Жиналыста айтамыз, сход болады райондардан келеді айтып жатырмыз. Ауыз су жоқ, ауыз су жоқ деп, алыстан тасимыз суды. Бізді қинап жатқаны сол ауыз су.

Қалжаттағы елу үйдің тұрғыны ауыз суды осы жалғыз колонкадан алады. Оған күндіз бармасаң кешқұрым ұзын сонар кезекте тұруға тура келеді екен.

Азат Бармашев, ауыл тұрғыны:

- Үш квартал мына колонкадан ішеді. Төменде екі квартал сол жерден ішеді. Сөйтіп, әр жерде бар су. Үйде емес, біз де колонкадан ішеміз.

Қазір барлық жерде үйге кіргізіп жатыр. Бізге де кіргізсе жақсы болар еді.

Әлімжан Хусуров, аудан әкімінің орынбасары:

- Өткен жылы сметалық құжаттарын жасап,облыстық энергетикаға құжаттарын бергеннен кейін биылға ақша бөлінді. 560 млн сметалық құжат жасалған. Биылға 250 мың берілді. Қазір конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Құдай қаласа, майдың бесінен кейін жұмыстар басталады.

Шекара шебіндегі елді мекенде екі жарым мыңнан астам адам тұрады. Олар шұрық-тесік тас жолда көлікпен жүру мүмкін емес деп ашынады. Телефон және интернет байланысының нашарлығы да оқушыларға ауыр тиіп отыр.

Рукия Ибрагимова,  ауыл тұрғыны:

- Интернет нашар ұстайды. Бірде балалар қуанып қалады. Бірде ұстамады деп қашып, далаға ойнаймыз дейді. Мұғалімдерде тырысып жатыр оқыңдар деп бізде тырысып жатырмыз. Заставлять етіп жатырмыз. Қайтеміз енді. Қиын болды.

Әкімдік өкілдері аталған мәселелерді алдағы екі жылда шешеміз деп отыр. Өркениеттен қағылған ауыл тұрғындарына әзірге шыдай тұрудан басқа амал жоқ. 

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы