Постковидтік синдром ауруы дертпен ауырып болғандардың ізінен қалмай жүр

Дәм мен иіс сезудің жоғалуы, ұйқының бұзылу, жүйке сыр беріп, күйзеліске түсу, қант ауруының қозуы – коронавирустың мұндай ауыр салдарын айтып, шағымданатындардың саны күн санап артып отыр. «Постковидтік синдром» деп атау алған бұл ауру қазір халықаралық аурулар классификациясына кірген. Өз алдына ауру болып тіркелген дерттің емі бар ма? Ковидтің салдарымен науқастар қалай күресуде?

Өткен жазда жаппай белең алған індет Балжан Мұратқызын айналып өтпепті. Аурумен екі апта арпалысып, аяққа тұрдым, дейді ол. Қатарға қосылғанымен бұрынғы қалпына келу қиын болған. Дәм сезу қабілеті екі айдан кейін оралды, бірақ әлі күнге иіс сезбейді.

Балжан Мұратқызы, қала тұрғыны:

- Вируспен ауырғаннан кейін дәм сезуім көп уақытқа жоғалып кетті. Одан кейін екі –үш айдан кейін қайтадан оралды. Бірақ әлі күнге дейін иіс сезуім қалпына келген жоқ. Көбіне мен түтіннің иісін сеземін. Немесе қалың бір бірдеңе өртеніп жатыр, мен соның ішінде отырғандай сезімде боламын. Маған мидың қан айналымын жақсартатын дәрілер берді. Мен оны бес күн алғаннан кейін маған әсер еткен жоқ. Керісінше мен одан да көбірек иіс сезуімді жоғалттым.

Коронавирустың салдарын дәрігерлер де жоққа шығармайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, шамамен әрбір 10-шы пациент инфекция жұқтырғаннан кейін 12 аптадан соң өздерін жайсыз сезінген. Тамақтың дәмін сезбей, сүйсініп жемеген соң салмақ жоғалтқандар бар. Тіпті, науқастар есте сақтау қабілетінің төмендеп, жүйкесінің сыр бергенін айтып, шағымданған.

Махаббат Бекбосынова, "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы" Басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Коронавируспен ауырған 312 ересек адам мен 100 бала біздің орталықта тексеруден өтті. Нәтижесі, әрине, бізді қатты таңғалдырды. Пациенттердің 90 проценті иммундық жүйесін қайта қалпына келтіре алмады. Науқастардың 60 процентінің есте сақтауы нашарлап, ұйқысы бұзылып, өмір сүру сапасы төмендеген. Күйзеліске түсіп, қалыпты өмірге араласуы қиындады. Тағы бір айта кетерлігі, бұл адамдардың орта жасы – 42-де. Мұндай өзгерістер коронавируспен ауырғаннан кейін 5 айдан соң байқалды. 

Аурудың ауыр салдары анық. Ғалымдар «постковидтік синдромды» халықаралық аурулар жіктемесіне кіргізіп те қойды. Бірақ, індеттен зақымданған ағзаны емдеудің әзірге нақты хаттамасы жоқ. Өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында ковидтен кейін оңалту орталығы ашылған. Алайда, аурудың салдарымен күресуде дәрігерлер әзірге дәрменсіз. 

Махаббат Бекбосынова, "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы" Басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Негізі, емдеу шаралары қандағы глюкозаны анықтау бойынша жүреді. Науқас эндокринолог дәрігердің бақылауында болады. Бірақ, біздің жасап отырған бұл  емдеу тәсіліміз өте аз, бұған кешенді түрде сауықтыру жасалуы тиіс.  

Орталық мамандары постковидтік синдромды емдеу бойынша клиникалық хаттама жасаған. Ол қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында сараптамадан өтіп жатыр. Ал, мамандар, хаттама мақұлданғанша, ковидтің салдарынан зардап шеккендерді емдеу мақсатында ел аймақтарында орталықтар ашуды ұсынды. 

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...