Отандық вакцина еліміздің аймақтарына жеткізілді

Бүгін елдің алды отандық «QazVac» вакцинасын салдыра бастады. Екпе тек мегаполистер ғана емес, аймақтарға жөнелтіліп жатыр. Біразы жүктің алғашқы легін қабылдап та үлгірді. Сөйтіп, бүгіннен бастап өзгенің емес, өзіміздің отандық өнім қолданысқа енді.

Түркістан облысына отандық вакцинаның 2 мың дозасы жеткізілді. Препараттар өңірдегі екпе егуге арналған 80 орынға таратылып үлгерді. Дәрігерлердің айтуынша, «Казвак» вакцинасының ресейлік өнімнен айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Сондықтан тұрғындар өзі таңдаған дозамен егіле алады.

Серік Әбдіқұлов, қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұның бір ерекшелегі сақталуында болып тұр. Алдыңғы «Sputnik-V» вакцинасын – 20 градуста салқындатып сақтасақ, бұл вакцинаны + 2 және + 8 градус аралығында сақтаймыз. Дәл сол секілді бұл да бұлшық етке салынады. Бұның да кері көрсеткіштері: жүкті әйелдерге, емізулі баласы бар әйелдерге және 18 жасқа толмаған балаларға салуға қарсы көрсеткіші бар.

Қостанайда өткен аптада  «Спутник V» вакцинасының бірінші компонтенті таусылып, вакциналау үш күн бойы тоқтаған еді. Бүгін облысқа отандық «QazVac» вакцинасының екі мың дозасы жолданды. Дәрігерлер өнімнің қауіпсіздігі жоғары екенін айтады. Бұл вакцина да 2 компоненттен тұрады.

Ольга Ткачук, қалалық №3 емхананың дәрігері:

- Біздің емханаға 250 доза берілді. Оның елуін үлкен сауда орнындағы егу пунктіне жібердік. Ертең арнайы бригадамен түзеу мекемелерінің қызметкерлері мен жазасын өтеушілерге вакцина салуға шығамыз. Екпе жасау ерікті түрде жүрігізіледі.

Ал Қарағанды облысына отандық вакцина әлдеқайда көбірек бұйырды. Аймаққа алғашқы партиямен 4 мың препарат жеткізілген. Бүгін дәл осы дозамен 150-ге жуық адам егілді.

Олжабай Сүлейменов, Қарағанды қаласының тұрғыны: 

- Әрқашан телеарна қарап отырамыз ғой, сонда вируспен ауыратындар азая бастады Ресейде, ал бізде көп. Сондықтан осындай шешім қабылдадым. КВИ-мен ауыратындар азайса екен деп вакцина алып отырмын.

Атырауда күні бүгінге дейін 16 мыңдай адам ресейлік вакцина салдырды. Өткен аптада келген дозалардың жартысына жуығы мұнай компанияларының қызметкерлеріне бөлінді. Енді жақын арада қосымша «Казвак» дозасы әкелінеді. Аймақта шілде айына дейін 60 мың адамға екпе салу жоспарланған.

Қайсар Қайратұлы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір, өздеріңіз білесіздер, вакцина салдыру мәселесі өте ауқымды жүргізілуде. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 15 мыңға жуық азамат вакцина алған болатын және ол жалғасуда. Және халықтан көптеген өтініштер түсуде. Көптеген емхананалар алды және жұмыстар жалғасатын болады.

Министрліктің мәліметінше, отандық вакцина өндірісі одан әрі жалғасып, өнім көлемі кезең-кезеңімен көбейтіледі.

Авторлар: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...