«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы үйінде тапаншаны заңсыз сақтаған

«СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріповке қатысты сот процесі басталды.

Шәріпов Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша айыпталып отыр. Прокурорлар оған «қызметтік бабын асыра пайдаланды» және «заңсыз қару сақтады» деген айып таққан.

Мемлекеттік айыптаушылардың сөзіне сенсек, күдікті былтыр көктемде дәрігерлерге берілуге тиіс қорғаныс костюмдерін елге уақытылы жеткізбеген. Ол үшін арнайы тендер өткен. Бірақ Берік Шәріпов өзінің оң жамбасына келетін компанияны таңдағанға ұқсайды. Ал олар Қытайдан әкеліп беруге тиіс қорғаныш костюмдерін Қазақстанға уақытылы жеткізбеген. Соның кесірінен елордада, Алматыда, Шымкент және қарағанды облысында ұзын-ырғасы 2 мыңға жуық дәрігер коронавирус жұқтырды дейді прокурорлар. Одан бөлек, күдікті заңсыз қару-жарақ та сақтаған. Тапанша оның пәтерін тінту кезінде табылыпты. Сот процесі кезінде Берік Шәріпов заңсыз қару-жарақ сақтады деген айыппен келісетінін айтты. Қазір ол уақытша тергеу абақтысында отыр.