Алматыда «Солақай саясат» көп томдық жинағы жарыққа шықты

Биыл Алаш республикасының құрылғанына 104 жыл.

Кезінде қазақ халқын Кеңестік империя құрсауынан азат етіп, дербес мемлекет құруды армандаған Алаш көсемдері қуғын-сүргінге ұшырады. Сол нәубет жылдардағы қазақтың қасіретті тарихы жазылған «Солақай саясат» атты 28 томдық ғылыми еңбек жарыққа шықты. Құрастырушы белгілі қаламгер Қазыхан Әше. Жинақта Сәкен Сейфулин, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды жазықсыз ұсталып, қуғын-сүргінге ұшыраған 21600 адам туралы дерек пен кейін ақталғандар туралы үкімдері бар. Нақты тарихи құжаттар мен фотосуреттері жарияланған кітап Алаш қозғалысы туралы тың мағлұматтармен толықтырылған.  

Қазыхан Әше, жазушы:

- Алашорда көсемдерін қамтыдық. Олардың кейбіреуінің кітаптары бұрыннан бар. Бірақ тың деректерін қосылғаны, қосылмағаны бар. Мысалы, бір ғана Бейімбетті алайық. Бейімбетті 1938 жылы атып жібереді де 1957 жылы еш күнәсі болмағандықтан іс қысқарды дейді. Атып жібергеннен кейін адам іс қысқарды деп айта ма? Сондай қаулы бар. Сол үшін сөзіміз жалған болмасын деп әрқайсысын қысқа-қысқа шежіре беріп, осы 28 кітап қылып отырғанымыз сол.