Ақтөбеде ардагерлерге материалдық көмек көрсетілді

Ақтөбе облысында екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне екі миллион теңгеден материалдық көмек берілді. Былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе өскен бір жолғы төлем қазірдің өзінде қариялардың есеп-шотына аударылған. Бұдан бөлек 9 мамыр мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар мен тыл еңбекшілері және майдангерлердің жесірлеріне де қолдау көрсетіледі.

17 жасында өз еркімен соғысқа аттанған Борис Конюшенко туған жері Ақтөбеге тек 1950 жылдары оралып, саналы ғұмырын авиация саласына арнаған. Сарбаздармен бірге шайқасқа түскен кездері әлі есінде. Ұлы мерекеге орайластырылған шарадан тыс қалмайтын қарт майдангер, бұл жолғы материалдық көмекке дән риза.

Борис Конюшенко, соғыс ардагері:

- Ардагерлерге көңіл бөліп жатқандарына алғысым шексіз. Ұмытпай, құттықтып сый-сияпатын көрсетіп тұрады. Қарт кісілер үшін бұның өзі көңілге медеу.

9 мамыр мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі санатындағы 20 қарияға екі миллион теңгеден берілді. Жалпы өңірде 6700-ден астам осы санаттағы ардагерлер мен оған теңестірілген тұлғалар және тыл еңбекшілері тұрады. Олардың барлығы да ұмыт қалмай, қолдау көрсетіледі. 

Бұлбұл Елеусінова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен бөлек оларға теңестірілген ардагерлер тұрады. Осы теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр. 4700-ге тарта тыл еңбеккерлері тұрады. Былтыр тыл еңбеккерлеріне және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне 30 мың теңге көлемінде көмек көрсетілген болатын болса, биылғы жылғы көмектің көлемі 50 мыңға артып отыр.

Бұл мақсат үшін 466 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұдан өзге қарттардың тұрмыстық жағдайына волонтерлар да көмек береді.

Дана Қадырғалиева, волонтер:

- Біз әлеуметтік көмек көрсету орталығымен тығыз байланыстамыз және қаламыздағы қарт әжелерімізге, жалғыз басты мүгедек жандарға, яғни біз ол кісілердің үй шаруаларына  көмек көрсетеміз.

Ұлы Жеңіс күнінде Отан қорғаған ардагерлердің құрметіне бірқатар шара ұйымдастыру көзделіп отыр.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев