Алтай Көлгінов Эверестті бағындырған Мария Әуезовамен кездесті

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Эверестке шыққан Мария Әуезовамен және оның командасымен кездескенін айтып, жақында альпинстің аяғына протез алу арманы орындалатынын мәлім етті, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Эверестті бағындырған елордамыздың тұрғыны Мария Әуезованың оқиғасын естіген шығарсыздар. Мария – ерекше қажеттілігі бар қайсар тұлға. Ол 5364 м биіктікке көтерілді. Бұл мақсатқа жетуге оған жолдасы мен жаттықтырушысы көмектесті.

Нәзік Мария – рухы мықты әйел, ол бізге үлгі. Мариямен және оның командасымен, жұбайымен және жаттықтырушысымен кездестім. Ол шыңды бағындыру сәті, алдағы жоспарлары туралы айтты.

Марияның арманы – аяққа тұрып, сапалы аяқ протездерін алу. Біз оның арманын орындаймыз!», – деп жазды елорда әкімі.

Еске салсақ, бұған дейін Мария Әуезованың Эверест шыңын бағындырып, елордаға оралғанын жазған болатынбыз.