Қордайдағы қақтығыс: 50 адам кінәлі деп танылды

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.

Бұл турады ӨКҚ алаңында арнайы брифинг өткізіліп, Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Құлтасов Берік  Сайлауұлы айтты.

Қордай ауданындағы тәртіпсіздік 2020 жылғы 7-8 ақпан аралығында болды. Салдарынан 10 азамат қаза тапты (тағы 1 адам жанып жатқан сауда орталығының құлауына байланысты қайтыс болды), 158 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі жарақат алды.

Осыдан соң 51 адам айыпталушы ретінде сотқа беріліп, оның ішінде 33-і қамауда, 18 адам жеке кепілдік және ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен ұсталды.

Соның ішінде 50 адам кінәлі деп танылып, бір адамның кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты ақталып шықты.

 

Сотпен зерделенген дәлелдемелер және тағайындалған жазалар туралы

Мына сотталушылар қасақана адам өлтіру және полиция қызметкерлерінің өмірлеріне қолсұғұшылық қылмыстарын жасаған:

Сотталушы Батабасов Д. мылтықпен адамдар тобына дәлдеп оқ атып, нәтижесінде үш адам қаза тауып, 4 жәбірленуші зардап шеккен.

Ол жаппай тәртіпсіздікке қатысып, үш адамның өліміне, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Сотталушы Токобай М. автокөлікпен қасақана бір топ адамды басқан. Нәтижесінде жәбірленуші Кииров Я. оқиға болған жерде қайтыс болып, үш жәбірленуші әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған.

Сотталушы Токобай М.-ге жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, адам өлтіру және екі адамнан көп адамды өлтіруге оқталғаны, атыс қаруымен заңсыз әрекеттерді жасағаны үшін 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Карибаев М. жәбірленуші Х.Идызовты автокөлікпен қасақана басып, нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болғаны үшін айыпталды.

Карибаев М.-ге жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және адам өлтіргені үшін 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Солтонаев М. мылтықпен қасақана дәлдеп бір топ адамға оқ атып, нәтижесінде жәбірленуші Ясыров М.Г. оқиға орнында қайтыс болына байланысты оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушылар Сангуй Щ. және Чешанло Ю. бір топ адам болып қасақана адам өлтірген.

Сангуй Щ. жәбірленуші Әбдәракімнің кеуде тұсына айырмен бірнеше рет ұрып, ал сотталушы Чешанло Ю. жәбірленушінің басынан темір таяқшамен соққан. Ал басқа сотталушылар Кимуров И., Хижин И. және Хижин М. қолдарымен ұрып, аяқтармен тепкілеген.

Сараптама қортындысы бойынша, жәбірленуші айыр және темір таяқшамен соққы алғандықтан қайтыс болған. Басқа сотталушылардың келтірген дене жарақаттары, өлімге негіз болмаған.

Сотталушылар Сангуй мен Чешанлоға жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және адам өлтіргені үшін 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сотталушылар Кимуров., Хижин И. және Хижин М. адам өлтіру айыбы бойынша ақталып, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін сотталды.

Сотталушы Дауров Э. полиция қызметкерлеріне мылтықпен екі рет оқ атып, нәтижесінде төрт полиция қызметкері жарақат алған.

Э.Дауровқа жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны және полиция қызметкерлерінің өміріне қолсұғушылық жасағаны үшін 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

Қалған сотталғандар бойынша шешім:

Бір адамға жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, атыс қаруымен заңсыз әрекеттерге және кісі өлтіруге жәрдемдескені үшін 15 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бір адамға жаппай тәртіпсіздіктерге, тонау, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, аса ірі мөлшердегі қарақшылық шабуылға, суық қарумен заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бір адамға жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, аса ірі көлемдегі қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тоғыз адамға жаппай тәртіпсіздіктерге шақырып және қатысқаны үшін, бөтен мүлікті өртеуге, сондай-ақ тұрғын үйлерге заңсыз кіру жолмен бөтен мүлікті ұрлағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

31 адамға жаппай тәртіпсіздіктерге шақырып, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін, тұрғын үйлерге заңсыз кіру жолымен бөтеннің мүлкін жасырын ұрлағаны үшін және келтірілген залалды өтегені үшін 5 жылдан 6 жылға дейінгі бас бостандығынан айырып, тағайындалған жаза шартты деп есептеліп және бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды ( 24 адам шартты түрде бас бостандығынан айыруға және 7 адам бас бостандығын шектеуге жаза тағайындалған).

Жаппай тәртіпсіздіктер барысында адамдардың қаза болуына әкеп соққан ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны, оларға белсенді қатысқаны, оның ішінде қару қолданып, тонау мен қарақшылық шабуылдар жасағаны үшін 19 адамға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан, алайда кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгені және залалды өтеуге шаралар қабылдағаны үшін 31 адамға қоғамнан оқшаусыз, яғни шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.