Ақмола облысында көктемгі су тасқынынан келер қауіп сейілді

Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті осылай деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, жағдай тұрақталып, қатер жойылған. Енді тек нөсер жаңбыр жаумаса болды. Ал сәуір айының ортасына дейін Атбасар, Аршалы және Целиноград аудандарында жағдай өте қиын болған. Себебі, Есіл, Жабай, Сілеті және Қалқұтан өзендері шектік деңгейінен асып, маңайдағы елді мекендерді су басу ықтималдығы күшейген. Дегенмен жедел әрекет етудің арқасында сол маңдағы үйлерге су кірген жоқ дейді құтқарушылар. Тек Қоянды ауылындағы 5-6 үй еріген қар суынан зардап шекті. Жалпы, биылғы ағын сумен күреске 700-ге жуық адам, 300-ден астам техника атсалысқан. Тіпті көрші облыстардан да қосымша көмек шақыртылыпты.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Бізге көмектесуге Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысындағы әріптестеріміз келді. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 52/859 әскери бөлімінің сарбаздары да тасқын сумен күреске атсалысқанын айта кеткен жөн. Қазір жағдай тұрақты. Үйлерді су басу қаупі жоқ.