Қордайдағы қақтығыс: ең ауыр жаза Д.Батабасовқа берілді

Таразда Қордай қақтығысына қатысқандарға сот үкімі шықты.

Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен айыпталған 51 адамның 50-і кінәлі деп танылды. Ал бір адам кінәсі дәлелденбеуіне байланысты ақталып шықты. Сотталушыларға «Адам өлтіру», «Жаппай тәртіпсіздік» бойынша 5 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру туралы жаза кесілді. 20 жылдық ең ауыр жаза Батабасовқа берілді. Ресми ақпарға сәйкес ол қақтығыс кезінде бір топ адамға оқ атқан. Салдарынан үш адам қаза тауып, 4 адам зардап шеккен.

Айта кету керек, былтыр желтоқсан айында басталған сот процесі 5 айға созылды. Қылмыстық іс бойынша сот талқылауына 2 мемлекеттік айыптаушы, 366 жәбірленуші, 16 жәбірленуші өкілі, 36 адвокат, 10 қорғаушы, 4 аудармашы қатысты. Сот процесі кезінде 24 сотталушы өз кінәсін толық мойындаса, 10-ны тағылған айыппен ішінара келіскен. Ал 17-сі өз кінәсін мүлдем мойындамады. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Берік Құлтасов, Жамбыл облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы:

– 19 адамға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, алайда кінәсін мойындап жасаған ісіне өкінгені және залалды өтеуге шаралар қабылдағаны үшін 31 адамға шартты түрде немесе бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалды. Сотталушылардың кінәлары жәбірленушілер мен куәлардың жауабымен, медициналық, трассологиялық, биологиялық, молекулярлық-генетикалық, филологиялық, өрт-техникалық сараптамалардың қорытындыларымен, бақылау камераларының бейнежазбаларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің қортындыларымен толық дәлелденген.