Асқар Мамин: Нақты жалақы мөлшері 221 мың теңгеге өседі

Бірінші шілдеден бастап «Еңбек» бағдарламасы ұлттық жобаға айналады.

Оның аясында халықтың табысы артып, еңбекақы көтеріледі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,7 процентке төмендейді деген болжам бар. Қазір жұмыссыздық деңгейі – 4,9 процент. Биыл елде «Еңбек» бағдарламасымен 700 мың, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 32 мың адам және 440 мың адам өзге мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасады. Алғашқы үш айдың өзінде «Еңбек» бағдарламасы арқылы 158 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Оның 53 проценті жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындары және субсидияланатын жұмыстарға орналасты. 32 проценті тұрақты жұмыспен қамтылған. Премьер-министр Асқар Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны 1 маусымға дейін Үкіметке енгізуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– Биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен барлығы 1,2 миллион адам қамтылады. Нақты жалақының мөлшері 10 пайызға, яғни 221 мың теңгеге дейін артады деп жоспарланып отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан аспайды. «Бастау бизнес» жобасы тиімділігін көрсетті. Биылғы жылы 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. «Еңбек» ұлттық жобасы экономика салаларын сапалы бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуі тиіс.