Алматы облысы Шонжы ауылының тұрғындары 40 шақырымдық жолды жөндеп беруді сұрап отыр

Туристер келу үшін алдымен инфрақұрылымды дұрыстау керек. Алматы облысындағы Шонжы ауылының тұрғындары «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автомагистралінен аудан орталығына дейінгі аралықты жөндеп беруді сұрайды.

Тозығы жеткен 40 шақырымдық тас жол Шарын шатқалы мен ыстық су шығатын курортты аймақты байланыстырады.

Қырық жамау күйге түскен мына жол Шонжымен «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» автомагистралін жалғайды. Алматыдан ыстық бұлаққа қарай ағылып жатқан туристер легі де осы аралықпен өтеді.

Бауыржан Ислам, жүргізуші:

- Жолды жасаған дұрыс. Мына жол нашар. Кішкене жасаса дұрыс болатын еді.

Кәсіпкер Бақтияр Абдулминов демалыс орындарына туристерді көптеп тарту үшін жол сапасы жақсы болу керек дейді. Айтуынша, аймақта эко және агро туризмді дамытудың мүмкіндігі мол. Тіпті кезінде төрт бірдей ұлттық паркті қамтитын арнайы жоба жасалған екен.

Бақтияр Абдулминов, кәсіпкер:

- Бұл айналма арқылы Алтынемелден Көлсай көлдеріне баруға болады. Тас жолдың нашарлығынан автобустар сынып шыдас бермейді. Әрі туристер үшін де қауіпті. Егер 40 шақырымға жаңадан асфальт төселсе, тынығушылар саны үш есеге артады деп отырмыз.

Кәсіпкерлер курортты аймақтағы инфрақұрылымның жоқтығына наразы. Орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмағандықтан, демалыс орындары жеке-жеке ұңғыма қазып алған. Шомылатын минералды суды да жер астынан осылай шығарады. Салдарынан ыстық су көлемі азайып барады дейді саладағылар.

Мухитдин Жамалов, кәсіпкер:

- Қазір су азайып бара жатыр. Кез келгенін қаза беруге болмайды. Қарап жатқан ешкім жоқ. Осының бәріне бағыт жасаса, біздің жұмысымыз жүреді.

Өзекті проблемаларды шешу үшін аудандық әкімдіктегілер демалыс аймағының статусын анықтау керек дейді.

Әлімжан Хусуров, аудан әкімінің орынбасары:

- 2020 жылдың бас жоспарына сай демалыс орындарының статусын анықтап жатырмыз. Содан кейін ғана қаржы бөліп, ауыз су тартып, медпункт салу көзделіп отыр. Әзірге статусы жоқ. Сол қолбайлау болып тұр.

Ыстық су маңында арнайы қоқыс полигоны да жоқ. Сол себепті туристік нысандардан шыққан тұрмыстық қалдықтар сай салаға бей берекет төгіліп жатыр. Мәселе ретке келтірілмесе, Алатаудың баурайы құрылыс заттары мен полиэтилен покеттердің алаңына айналуы мүмкін.

Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев