Атыраулықтар қоршаған ортаның тазалығын LED-экрандар арқылы бақылай алады

Ауаның сапасын бақылау бекеттерінен алынған мәліметтер сол бойы жұртшылық назарына ұсынылады.

Жалпы мұнай-газ өнеркәсібінің 60 проценттен артық қоры шоғырланған өлкенің экологиясы сын көтермейді. Осыған орай қолға алынған жаңа бастама әрбір тұрғынның өзі тұратын аймағындағы ахуалмен танысуына мүкіндік бермек.

LED-экрандар әзірге 10 жерге орналасқан. Олар сағат сайын атмосфералық ауа құрамындағы өзгерістерді жұртшылық назарына ұсынып отырады. Сол ақпарат «Казгидромет» мекемесінің арнайы серверлік базасына да түседі. Ал мына интерактивті картадан бақылау стансаларының жұмысы онлайн жүйеде көруге болады.

Нұржан Мирманов, инженер-химик:

– Бүгін 27.04, сағат 11.00-де түскен мәліметтерді атыраулықтар еркін қарай алады. Мысалы, біздің филиал қарамағындағы «Миялыда» нөмірі алтыншы бекетті қарауға болады. Онда барлық факт көрініп тұр.

Облыс бойынша атмосфералық ауа сапасын бақылайтын осындай 42 станса болса, оның 17-і Атырау қаласында орналасқан. Себебі қала тұрғындары ауа сапасына жиі арызданады екен. Былтыр облыс бойынша 22 штаттан тыс жағдай тіркелсе, оның 18-і Атырау қаласына тиесілі. Климаты қатал, жылдың 7-8 айында дауылдан көш ашпайтын аймақ үшін бұл да күрделі проблема.

Жолдасқали Телағысов, «Қазгидромет» КМК АФ директорының орынбасары:

– Соңғы онкүндікті алып қарайтын болсақ, Атырау қаласы бойынша атмосфералық ауада көбіне шаң түйіршіктерінің көп мөлшерде болғаны байқалды. Шекті шоғырланудан екі есеге артқан. 10 еседен жоғары шоғырлану анықталған жағдайда құзіретті органдарға хабарлап отырамыз.

Атыраулықтардың қала ортасында қалған мұнай өңдеу зауытының жұмысына деген наразылығы жыл санап артып барады. Былтыр қараша айында зауыттан арнайы полигонға мұнай қалдықтары су шығып жатқаны тұрғындар дабыл қақты. Себебі маңайдағы ауылдар жағымсыз иіске тұншыға жаздаған. Жалпы, Атырау қаласындағы атмосфералық ауаға қатысты шағымдардың 80 проценті осы зауытқа қатысты.

Әлібек Бекмұхамбетов, облыстық экология департаментінің басшысы:

– Сол себепті біз жоспардан тыс тексердік. Оның ішінде су сынамасын алып, онда мұнай қалдықтарының көрсеткіші өте көп болды. Келтірілген залал нұсқамасын санап, 15 млн теңгеден астам айыппұл салдық. Қазір құжаттардың барлығын ПД жолдадық. Қылмыстық іс бойынша сонда қаралып жатыр.

Мұнайлы өңір экологиялық ахуалы сын көтермейтіні туралы көп жерде айтылып жүр. Биыл Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі «Жол картасы» жасақталған болатын. 7 бағыттан тұратын құжатта атмосферадағы ластаушы заттар эмиссиясын азайтуға, жер ресурстарын қорғауға және экологиялық мәдениетті арттыруға қатысты нақты міндеттер бар. Осы құжаттан мұнайлы өңір тұрғындары үлкен үміт күтіп отыр.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин