Елордада сырғанақта саусағынан айырылған баланың ісі бойынша тергеу басталды

Өндіріс тұрғын үй алабындағы алаңқайды қадағаламаған мердігерлер жауапқа тартылуы мүмкін.

Жалпы полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері елордада балаларға қатысты 80 қайғылы оқиға болған.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Бұл ойын алаңқайын тұрғындар 10 жыл бойы жаңарта алмай келе жатқанын айтады. Бір ғана қайғылы оқиға бір түнде осы алаңды тып-типыл еткізгенін жеткізіп отыр. Біраз жылдан бері әкімдік назарынан тыс қалған тұрғындардың өкпесі қара қазандай.

Төрт жасар Николайдың саусағынан айырылуы бұл өкпенің орынсыз еместігін дәлелдеді. Бұған дейін де Өндіріс тұрғын алабындағы мына алаңқайда ойнап жүрген бала көп-тін. Бірақ бәрінің жанында үлкендер жүретін. Николайдың әкесі де құлыншағы үшін алаңдағанын айтады.

Станислав Иванов, Николайдың әкесі:

– Біз көрші үйде тұрамыз. Сол күні баламды алып келдім. Ол екі рет жақсы сырғанады. Үшінші ретінде саусағын темір қысып қалды. Мен үнемі бәріне «балаға мұқият болыңдар» деп жүретінмін. Бірақ қайғының тура өзімнің көз алдымда болғаны жанға батты. Бірден көршілерден көмек сұрадым. Олар жедел жәрдем шақырғанша, үйге барып, баламның жарасын жуып, таңдық. Сол кезде саусағының жоқ екенін түсіндім. Әкімдік қандай көмек керек екенін сұрады. Не айта аламын оларға? Баланың саусағын қайтара алмаймыз.

Ауладағы ойын алаңқайы 10 жыл бұрын уақытша орнатылған еді. Содан бері 1-2 рет сырланған. Басқа жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Міне, қайғылы жағдайдан кейін өмірге қауіпті жабдықтар түгел сүрілді. Куәгерлер оқиға орнын телефонға түсіріп үлгерген. Бұрынғы алаңқайдың кейпі осындай.

Татьяна Андреева, қала тұрғыны:

– Сол күні аулада он шақты адам жүрдік. Николай күн сайын әкесімен бірге біздің аулаға келіп ойнайтын. Өйткені басқа жерге қарағанда тыныш әрі достары осында. Бірақ алаңқайымыз өте ескі. Ол жерде баланы жалғыз қалдыруға болмайды. Станислав та баласының жанынан шыққан жоқ. Қорыққанымыз бекер емес екен. Біздің көз алдымызда бала саусағынан айырылып қалды. Әкесі шошығаннан аппақ болып кетті.

Нэлля Дощянова, қалалық полиция департаментінің бөлім бастығы:

– Бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 306 бап, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілгені анықталып жатыр. Мердігер жауапқа тартылуы мүмкін. Қазір ол тұлғалар анықталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Кәмелеттік жасқа толмаған баланың дене зақымын алуына кім жауапты? Ол мүгедек болып қалды ма? Оны сот шешеді. Қазір ювеналдық полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Галина Домбровская, қала тұрғыны:

– Бұл аудандағы жалғыз алаңқай болған соң, оның өзін басқа жерден әкеп орнатқан. Ескіретін жөні бар ғой. Әкімдікке өзім шағым айттым, бірақ ешкім ескермеді. Мұндай сұмдық жағдай бәріміздің жағамызды ұстатты.

Кәмелеттік жасқа толмаған баланың дене зақымын алуына кім жауапты? Ол мүгедек болып қалды ма? Оны сот-медициналық сараптама шешеді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Нэлля Дощянова, қалалық Полиция департаментінің бөлім бастығы:

– Бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 306-бап, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетілгені анықталып жатыр. Қазір ол тұлғалар анықталды. Тергеу жалғасып жатыр.

Ескі-құсқы жабдықты орнатып, жайбарақат жүрген жандарға жаза бола ма, жоқ па? Әкімдіктен тиісті жауап ала алмадық. Бұл кезде Өндіріс халқын тағы бір ойын алаңқайы алаңдатады. Жолдың бойында орналасқан нысан да ата-аналардың үрейін алып отыр.

Мерей Мұратханқызы, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...