Семейде Ертістің үстімен өтетін қос көпір апатты жағдайда тұр

Семейдегі Ертіс өзенінің үстімен өтетін екі көпірдің де жағдайы мәз емес. Осыдан жарты ғасыр  бұрын салынған ескі көпір апатты жағдайда тұр. Ал 20 жыл бұрын іске қосылған аспалы көпірдің де сыйқы кеткен. Былтыр тіпті жақтаулары үгітіліп, бір көлік өзенге құлады. Сол кезде бір адам мерт болған еді. Қытай мен Ресейді жалғап жатқан маңызды нысандардың ертеңі қандай? 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Бұл көпірден қазір жұрт «бісмілләсін» айтып, бір Аллаға сыйынып өтетін болған. Одан басқа амал қалмай тұр. Өйткені мынандай шұңқырлар күн санап көбейіп келеді. Ал көлік тізгіндеген жолаушылар үшін тіпті қауіпті. Былтыр ғана осы жерде жол апаты болып, мына жерден оңға бұрылған көлік Ертіске қарай секіріп кетті. Бір адам қаза тауып, екіншісі ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Алайда одан шыққан нәтиже қандай? Тек ғана мына жерлер жамап жасқалды, одан әзірге қауіп сейіле қойған жоқ.

Жаяу жүргіншілер жақтауларға сүйенуден қорқады. Өйткені цемент қоспалары үгітіліп, қорқынышты халге түскен. Жылда жеңіл-желпі жөндеу жасалғанымен жұрттың оған көңілі толмай тұр.

БЛИЦ

- Негізі мына көпірді жасау керек, уже жауып тастаса дұрыс қой, ұзын сөздің қысқасы. Жаңа көпірмен тығын болса да енді. Оның да жағдайын көріп тұрсыздар ғой өздеріңіз қандай екенін. Салған асфальттары 2-3 айға да жетпейді ғой, қыс келгенде салады. Қар ерігенде асфальт та жоқ болып кетеді ғой, қармен бірге. Көріп отырсыздар қандай тесік жолдың бәрі.

- Түгел шұңқыр-шұңқыр. Білмеймін енді оны акиматқа айту керек қой. Мына жерден өте бергеннің өзінде шұңқыр мынандай, одан қалай өтеді машина, білмеймін. Ана жақтан 2 жолақ келген кезде апатты жағдай тудырады.

- Мына ескі көпір апатты, ана көпірде ылғи кептеліс. Онда да шұңқыр. Білмеймін енді, жоғарғы жақтағылар ойланып істемесе, біз сияқты қарапайым халық не істейді, қолымыздан ешнәрсе келмейді ғой.

- 40 жыл салынған көпір, сапасы нашар, жасау керек. Өкімет те бұны жасаса бірдеңе ғып.

Жергілікті әкімдіктің ескі көпірді жөндейтін жоспары  бар. Ол үшін былтыр жобалық сметалық құжат жасалып, қазір сараптамадан өтіп жатыр. Шілде айының 1-інен кейін қаражат мәселесі шешілсе, құрылыс биыл немесе келесі жылы басталып 3 жылда аяқталмақ. Жоба Семей қаласының 2025-жылға дейінгі кешенді даму жоспарына енген. 

Нұрымбет Сақтағанов, қала әкімі:

- Ескі көпірдің қасынан жаңа көпір салынады, 4 жолақты. 2 жолағы бір жағына, екінші жолағы 2-ші жағына қарай жүруге арналған. Және де ескі көпірдің өзі жаяу жүргіншілер көпіріне айналады. Оның үстінен велиспедшілерге арналған жол салынады. Сондай ақ сол жағалаудан оң жағалауға жылу жүйесін тартамыз. Қазіргі құны 31 миллиард теңге көлемінде болып отыр. Ол бірақ экспертизадан кейін азаюы да мүмкін немесе осы қалпында қалуы да мүмкін.

Қала әкімінің айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын пайдалануға берілген аспалы көпірді қазір жапондық мамандар арнайы тексеруден өткізіп жатыр екен. Сол жұмыстың қорытындысы бойынша ол нысанда да жөндеу жұмыстары қолға алынады.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов