425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елімізде алғаш рет «хрусталь балаларға» операция жасалды

  • 600
  • UPD: 09:51, 28.04.2021

Елордалық дәрігерлер Қазақстанда алғаш рет «хрусталь балаларға» операция жасады. Мұндай дерті бар адамдардың сүйектері тез әрі жиі сынатынын айтып кету керек. Енді міне сирек кездесетін генетикалық аурумен ауратын 4 бүлдіршінге интрамедуллярлы телескопиялық имплант салынды. 

Алмагүл Нарботинаның көңілі алаң. Енді қайтсын?! Балнұры мен Нұрисламына 10 жыл бұрын жетілмеген остеогенез диагнозы қойылған. Содан бері бұл отбасы балаларының сүйегін қатайтуға арналған препарат салдыру үшін Ресейге барып жүрген. Шығын шаш етектен. Енді ананың үмітін үкілей түсті. Себебі өзге емес, өз елінде операция жасау мүмкіндігі туды.   

Алмагүл Нарботина, ата-ана:

- Осы жерде жасалатынына қуанамыз ғой. Өйткені біз Мәскеуде емделеміз. Мәскеуге апарудың өзі ауыр болды балаларға. Жолды көтере алмайды, коляскамен барған өте қиын. Бір қалада болғаннан кейін қуанасың, жақын жерде, әйтеуір шетелге шықпайсың. 

Қазақстанда 50 бала интрамедуллярлы телескопиялық имплантқа зәру. Әлсіз сүйегінің морт сынуы оларды төсекке таңып қойған. Міне үш жылғы ізденіс нәтижесін беріп, Астана медициналық университеті мен Санкт-Петербург мамандары бірлесіп, 4 балаға заманауи құрылғы орнатты. 

Болатбек Досанов, балалар ортопеды:

- Бұл телескопиялық импланттың басты мақсаты түтікше сүйектің ішіне орнату. Ол өмір бойы қалады оның ішінде. Бұл конструкцияның басты мақсаты баланың сүйегін сынғаннан қорғау бірінші. Екіншіден, баланы тік жүргізгуге әрекет жасау.

Дмитрий Буклаев, Балалар травмотологиясы мен ортопедиясы ҰМЗО бөлім меңгерушісі /Ресей/:

- Бұл заманауи телескопиялық импланттар бүкіл әлемде пайдаланылатын бірегей өнім. Өсіп келе жатқан балаларға дәл осы құрылғыны қоюдың пайдасы зор. Сол себепті Қазақстандағы балалар кәсіби көмек алады деп үміттенеміз.

Деректерге сүйенсек, әрбір 10 мыңыншы бала жетілмеген остеогенез дертіне шалдығады. Оларды уақытылы анықтау үшін генектиктер ауадай қажет. Қазір шетелдегі қымбат ем-шаралар елордадағы Ана мен бала орталығында тегін көрсетіледі. Ал алғашқы операция қайырымды жандардың ақшасына жасалды. Келешекте квота қарастырылуы мүмкін. 

Болатбек Досанов, балалар ортопеды

- Бұл Қазақстанда бірінші рет жасалған операция. Келешекте ДСМ қолдауымен басқа қазақстандық балалар осы операция сол балаларға жасалады деп үміттенеміз.

Алғашқы операциялар сәтті өтті. Енді ол балаларды ата-анасы өздері шетелге барып, оңалтатын болады. Себебі елімізде реабилитологтар қат. Қос елдің білікті мамандары қатысқан шеберлік сағатында осындай түйтілдер сөз болды. 

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы