Депутат: Ashyq қосымшасы жұрттың көңілінен шықпады

Депутат: Ashyq қосымшасы жұрттың көңілінен шықпады

Жақында қолданысқа енгізілген Ashyq мобильді қосымшасы қазақстандықтардың көңілінен шықпады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңға екі айда оның жұмысына қатысты 30 мыңға жуық шағым түсті. Бүгін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Цифрлық даму министрлігінен жүйені жетілдіруді талап етті. Қосымшаға тіркелудің өзі жұртты әуреге салады. Ал, тіркелгендер қажетті нысандар тізімін таба алмай әлек. Ashyq жүйесінде техникалық қызметтің көмегіне жүгіну функциясы қарастырылмағаны да наразылық туғызып отыр. Сондай-ақ депутаттарды қосымшаны қолданатын азаматтардың жеке мәліметтерін пайдалану мәселесі де алаңдатады.

Айта кетейік, Ashyq жобасы Нұр-сұлтан, Қарағанды мен Алматы қалаларында жүзеге асып жатыр. Осы уақытқа дейін оған 700 бизнес нысаны қосылды. Қосымшаны 293 мың адам өзінің ұялы телефонына жүктеп алды.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл қосымша адамдардың мәртебесін ажырата алмай отыр. Мәселен, ПТР-тест тапсырғандардың түсі жасыл болуы керек. Ал олар жүйеде көкпен белгіленген. Яғни, мәліметтер қорының уақытылы жаңартылмайтынын айтуға болады. Салдарынан ауырып жүргендер қоғамдық орындарда еш кедергісіз жүре береді ғой. Егер бұл олқылықтардың орны жойылмаса, Ashyq жүйесінің не қажеті бар?