Арзан пәтер жалдамақ болған 11 қостанайлық алаяқтарға алданды

Қостанай қаласының он бір тұрғыны арзан бағаға пәтер жалдаймын деп интернеттегі жалған жарнамаға алданып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алаяқтар сайттар мен әлеуметтік желілерге элиталық пәтерлердің фотосуретін іліп, клиенттерді қызықтырған. «Жоқ жарнаманың» ілмегіне ілінгендерден банк картасына алдын ала ақша аударуды талап еткен. Оңай олжаға кенелген пысықайлар сол сәтте алданған адамды бұғақтап, өз аккаунттарын жойып отырған. Алаяқтар тұрғындарды осындай әдіспен жарты жыл бойы сан соқтырып келген. Қылмыстық жолмен тапқан табыстары 1,5 миллион теңгеден асқаны белгілі болды. Полицейлер қаскүнемдерден бес ұялы телефон, сегіз сим-карта және екі банк картасын тәркіледі. Қазір олардың әрекетінен зардап шеккен қаланың басқа да адамдарына іздеу салынды. Жалпы облыс бойынша жыл баснынан бері 508 интернет қылмыс тіркеліп отыр. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 56%-ке көп.

Сәбит Ыбырайымов, ПД Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

- 28-і сотқа кеткені бар. Татуластыру дейміз ғой, сондай қылмыстар бар. Бірақ әлі тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Ол бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Сотқа жіберілген жоқ. Ол шамамен енді 150-160 қылмыс бойынша тергеу әрекеттері жүріп жатыр.