Оралда көлік салығын төлемей жүргендер көбейді

Оралда көлік пен жер және мүлік салығын төлемей жүргендердің берешегі жарты миллиард теңгеге жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелген 30 мыңдай салық төлеушінің қарызы. Борышкерлердің қарызын қайтару мақсатында қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы сот орындауышылары және әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейд өткізді. Шара барысында салықтан жалтарған ондаған көлік тоқтатылып, айып тұрағына жөнелтілді. «Борышкерлер қайтаруы тиіс берешек соманың 80%-і көлік салығына қатысты жиналып отыр», - дейді мамандар.

Асхат Дүйсенов, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

- Өздеріңіз көріп тұрғандай, жол қозғалысы бағытында келе жатқан автокөлік тоқтатылып, бұл авкөлік иесінің борышы болуына байланысты азаматтың автокөлігі айыппұл тұрағына жеткізіледі. Айып тұрағынан бұл автокөлікке қатысты салық борышын өтеуге қатысты тиісті шаралар алынады. Бұл шараның басты мақсаты барлық қарызы бар салық төлешілерді уақтылы салықтарын төлеуге шақыру.

Вера Истомина, жеке сот орындаушысы:

- Салық төлеушілердің берешек қарыздарының көлемі 10 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін барады. Тіпті 2 миллион теңге қарызын өтемей жүргендер де бар. Мұндай борышкерлердің мүмкіндігін анықтап, белгілі бір мерзім аралығында төлеуді міндеттейміз. Егер олар заңда көрсетілген мерзімде салығын төлемесе, онда мүлкін сатуға қоямыз.