Түркістан облысында баспана кезегі неге жылжымайды?

Түркістан облысы Жетісай ауданында соңғы 6 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған бірде-бір азаматқа пәтер берілмеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баспана кезегін күткендердің қатары жыл сайын артып келеді. Кезектің қысқармауын тұрғындар жергілікті әкімдіктің жауапсыздығынан көреді. Қазір ауданда әлеуметтік осал топтағы екі мыңнан аса адам үй кезегін сарыла күтіп отыр. Мұқтаж жандардың мәселесі қашан шешіледі?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Жетісай қаласының тұрғыны Гүлнәр Теңізбаева көп балалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. «Содан бері бес жыл өтсе де, баспана кезегі жылжымайды», дейді. Қазір алты перзенті бар жанұя әр балаға төленетін жәрдемақыға жалдамалы үйді паналап келеді. Осылайша, болмашы жәрдемақы тірнектеген тіршілікке сеп болған.

Гүлнәр Теңізбаева, Жетісай қаласының тұрғыны:

- Пәтер жалдап тұрамын, айына 30 мың теңге. Коммуналдығын өзім төлеймін. Ешқандай көмек жоқ. 4 балам оқиды. 6 бала-шағам бар өзімнің. Кезекте 138-ші болып тұрмын. Үй кезегін алып жатқан адам көріп жатқаным жоқ. Ол қашан келетін кезек, қашан берілетін үй, ол жағы бізге белгісіз.

Жетісай ауданында қазір тұрғын үй кезегінде 2172 адам тұр. Олардың басым көпшілігі баспанаға мұқтаж көпбалалы аналар. Мәселені шешу үшін жергілікті билік өткен жылы аудан аумағынан жекелеген 88 үйді сатып алған. Алайда содан бері бір жыл уақыт өтсе де, бұл баспаналар мұқтаж жандарға әлі күнге берілмеген.

Берік Мәмбетов, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Ол үйлер былтыр алынған, ия, былтыр алынған. Бірақ бізге биыл беріліп отыр мекеменің балансына. Екі айдан бері берілмеу себебі, квартирада тұрады көп балалы аналардың көбісі. Мекенжайларының анық болмауына байланысты және ұялы телефон байланыстары болмауына да байланысты.

Жауаптылардың айтуынша, Жетісай ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға баспана соңғы рет 2015 жылы берілген. Ол кезде де 36 пәтер ғана үлестірілген. Жұрт: «содан кейін баспана кезегінде тұрғандардың үйлі болғанын көргеніміз жоқ» дейді. Тек екі жыл бұрын аудан орталығынан 80 гектар жер бөлініп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 200 пәтердің құрылысы басталған. Оның да қаржысы толық бөлінбепті.

Мұса Әбибуллаев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл жерде ауыз су тартылған. Электр тартылған. Енді осы мамыр айынан бастап канализация мен кәріз жүйесіне қаржы бөлінейін деп отыр. 2019 жылдан басталды екеуі. Төрт үйдің құрылысы былтыр 2020 жылдан басталды. Бірақ биыл жылдың аяғында 60 пәтерлі бір үйге қаржы бөлінсе, қалған 5 үйді бітіреміз деген ниеттеміз.

Жалпы облыс бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 40 мыңнан асады. Өткен жылы Түркістанда 776 пәтер пайдалануға берілген. Ал облыс көлемінде тұрғын үй кезегінде тұрғандарға 15 үй үлестірілген. Алайда құрылысқа жауапты мамандар өткен жылы жаһандық пандемияға байланысты жұмыс күші азайып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысы кешеуілдегенін айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы