Қазығұрт ауданы тұрғындарының жаңадан салынған жол сапасына көңілдері толмайды

Тұрғындардың жаңа жол сапасына көңілі толмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Жаңабазар» ауылына қатынайтын 16 шақырым орталық жолдың жөнделіп жатқанына екі жыл болды. Құрылыс жұмыстары аяқталуға тақағанда жұрт жол сапасына сын айтты.

Тұрғындар қара жолды қайта сүріп жаңасын салуды талап етті. Ауылдағы ағайын мен мердігер мекеменің пікірін тілшіміз Нұрсұлтан Мұхамеджан тыңдап қайтты.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жол азабын жүрген біледі. 2 мыңға жуық түтіні бар ауыл халқы жаңа құрылыстың басталғанын көріп қатты қуанды. «Алайда игілікті іске көңіліміз толмайды. Қуанышымыз су сепкендей басылды», - дейді.

13 мыңға жуық халқы бар ауылдың орталық көшесі бұл. Қазір көлік қатынасы уақытша шектелгендіктен тұрғындар қыр айналып, 2 шақырым жүріп өтуге мәжбүр. Жанайқайын жеткізген тұрғындардың базынасы – жеке бастың қамы емес. «Жалпыға ортақ қара жолдың құрылысы сапасыз», - деп ашынады. «Жол қатпарындағы шикілікке көз жұмсақта асфальттың төселуіндегі кемшілікке қарап отыра алмаймыз», - дейді.

Ерназар Қыбыраев, «Жаңабазар» ауылдық округінің тұрғыны:

- Асфальттың бәрі отырып кетіп жатыр. Ертең өзімізден көреді оны. Камаздарың өтті, басқа өтті деп. Жол быт-шыт болады. Сапасы жоқ жолдың. Біткені осы болып жатыр. Баяғы өзіміздің жолымыз артық еді ғой мынадан. Қазір көріп отырсыз ғой. Тезек аударған қолмен аударып кетіп жатырмыз.

Бақытжан Жұмалиев, «Жаңабазар» ауылдық округінің тұрғыны:

- 4-5 жылдан бері жол женделеді, жол жөнделеді деп күткенбіз. Қазір екінші жыл болып жатыр ғой 2019 жылы басталды. Қыстай батпақта жүрдік. Жолымызды қазып тастады. Бұдан кейінгі бітіп жатқаны міне, осы. Қуанышымыз ұзаққа созылмады шыны керек.

«Құрылыс компаниясы 16 шақырымды жарықтандырып, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жолын биылдың соңына дейін аяқтаймыз», - дейді. Жолдың бастапқы құрылыс кезеңдері бітті. 2,5 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. Инфрақұрылым жұмыстарына облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы қаралыпты. Мердігер мекеме «кеткен кемшіліктің орнын толтырамыз» дейді.

Абдумомын Нарходжаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Бізде екі зауыт бар. Соның біріншісінің құрамы дұрыс шықпаған. Соны келіп төсеген кезде үстінен катоктар жүрді. Сол кезде жарықтар болып, құрамы дұрыс болмады. Сонымен зауыт жұмысын тоқтатып, мына жерді қайта бұзатын болып шешім қабылдағанбыз. Кешегі таңда лобораториямен келіп тексеріп, көріп, бұзылатын жеріне дейін білгілеп берді. 350-400 метр жері бұзылады.

Осылайша, жол құрылысы аяқталар тұста кедергіге тап болғандар бес жылдық кепілдіктің барын айтып ақталды. Сондай-ақ олар жол құрылысы Ұлттық жол сапасын бақылау комитетінің жіті назарында екенін еске салды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов