Павлодар облысында жыл бойы қызмет көрсететін туризм бағдарламасы дайындалады

Павлодар облысы туризмді дамытуға ден қояды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Емдік-сауықтыру, киелі жерлерге саяхат және өндірістік туризм секілді бағыт таңдалған. Жобаға жауаты Торайғыров университетінің ғалымдары экология мен туристік аймақтың рекреациялық жүктемесін де зерттеп шыққан. Әлемдегі ең тұнық көлдердің қатарына кірген Жасыбай жылдан жылға ластанып барады. Бұған халықтың шамадан тыс көп баруы кері әсерін тигізген. 

Өткен жылы Павлодар облысында туристік маусым тым қысқа болды. Кәсіпкерлер шығынға баттық деп дабыл қақты. Бірақ табиғат үшін мұндай үзіліс керек еді. Көлдер тазарып, аң мен құстың саны артты. Биыл күрделі  эпидахуалға қарамастан жаңа маусымға дайындық қызған. Тіпті туристерге жыл бойы қызмет көрсететін бағдарлама да әзірленіпті.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Павлодарда туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасының тұсауы кесілді. Маңызды құжатты профильді Комитет мақұлдаған. Жобаны жетілдірушілер енді қызмет көрсету сапасын 11 есеге арттырып, 5 мыңдай жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Маңызды жоба жүзеге асатын болса, саяхатшыларға лайықты демалыс ұйымдастырылады деген үміт басым.

Ішкі туризмді дамытуға байланысты жұмыстар бұған дейін де атқарылған. Соның бірі Баянауылда салынған шағын әуежай еді. Көрші облыстарды былай қойып, Омбы, Новосібір, Алтай өлкесінен демалушылар ұшақпен қатынайды деген өршіл жоба сәтсіз аяқталды.

Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданының әкімі:

- Сол дұрыс жасалмаған. Оның енді аэродинамика заңдары бар бір, екіншіден, ұзындығы бар, үшіншіден, сапасы бар, төртіншіден, мына жерде үлкен бір зират бар соны қорғау. Артымызда қоқыс полигоны бар. Сараптама жасағанда сондай талаптар қойылды. Бұл енді қауіпсіздік қой.

Жергілікті билік адам өміріне қауіпті аэродромды іске қосудан аулақ. Мемлекеттің мүлкін саудаға шығару үшін құнын анықтайтын сараптама қажет. Бір ғана шешім бар. Ол – инвесторларға беру. Сабындыкөлге жақын орналасқан аумақта демалыс аймақтары түссе, Жасыбайға түсетін салмақ азаяды. Жаңа туристік маусымда ескі проблемалар кесе көлденең шықты. Ол шешімі табылмаған сумен қамту және орталық кәріз жүйесінің жоқтығы. Жаңа тұжырымдада осы мәселелер де көрініс тапқан.

Динара Есімова, География және туризм кафедрасының меңгерушісі:

- Мысалы Жасыбай көлінде рекреациялық күш өте жоғары. Яғни, біздің концепцияда тек қана Жасыбай емес, сонымен бірге Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріндегі жағажайды жөндеп, сол жағажайларды адамдардың демалуына арнау болып тұр.

Жыл бойғы туризм тек Баянауыл өлкесіне қатысты емес. Жоба авторлары облыстың басқа да көрікті жерлеріне саяхаттауды ұсынады. Туристерді ақпараттандыратын мобильді қосымша іске қосылған.

Назира Оспанова, Ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі:

- Туристік фирмалар туралы ақпараттар ұсынылған. Олардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына бірден шығуға мүмкіндік бар. Телефон шалу, электрондық пошталарына хат жазу қызметтерін де осы қосымшада жүзеге асыруға болады. Мобильдік қосымшаны қолданушылардың ой-пікірін білу мақсатында кері байланыс орнатылған.

Ақпараттық-анықтамалық қосымша барлық көрікті жерлерді бір жерге топтастырған. Ал, Баянауыл ұлттық паркінің жүктемесін ғалымдар ұсынған тұжырымдама жеңілдете ме? Ол жағын біз уақыттың еншісіне қалдырдық.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов