427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирус салдарынан әлем елдерінде маусымдық жұмысшылар тапшы

  • 106
  • UPD: 23:48, 28.04.2021

Коронавирус пандемиясының тағы бір салдары. Әлемнің біраз елінде маусымдық жұмысшы жетіспей жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені шекаралар жабық. Еңбек мигранттарының тапшылығы әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы, қоғамдық тамақтану мен қонақ үй бизнесінде қатты байқалып отыр.

АҚШ-та мейрамхана иелері карантиннен кейін әлі қалпына келе алмай жатыр. Мәселе келушілердің аздығында емес. Қонақтарға қызмет көрсететін жұмысшылар тапшы. Массачусетс штатындағы тамақтану орындарында ас әзірлеп, ыдыс жуатындардың дені шетелдіктер екен. Алайда шектеу шараларына байланысты көп ел азаматтарына шекара асуға рұқсат бермей отыр. АҚШ қазір коронавирус жұқтыру дерегі бойынша әлемде бірінші орында. Сондықтан шетелдіктер мұнда келуге қорқады. Салдарынан жергілікті мейрамханаларда қызметкерлер тапшылығы туындаған. «Неге бұл кәсіппен америкалықтар айналыспайды?» деген сауал туындайды. Жергілікті тұрғындар жұмыссыздық бойынша өтемақы алады. Жақында оның көлемі артқан.

Мак Хэй, кәсіпкер:

- Біздің мейрамхана қызметкерлерінің үштен бірі – шетелдік. Әдетте сәуірдің аяғы мен мамырдың басында мұнда шамамен 350 адам еңбектенетін. Қазір олардың саны 100-дің маңайында.

Ресейде де ұқсас проблема. Бірақ мұнда еңбек мигранттары негізінен ауыл шаруашылығы саласында тапшы. Қазір 30-40 мың адам жетіспей жатқан көрінеді. Сарапшылар осының салдарынан биыл көкөніс пен жеміс-жидек бағасы қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді.

Ирина Козий, РФ Жидек өндірушілері одағының бас директоры:

- Ірі қалада тұратын жұмыссыз азаматтардың дені зияткерлік қызмет өкілдері. Олар бір жарым айға ауылды аймаққа жидек теруге бармайды. Жұмысқа біліктілігі төмен адамдарды тартуға болар еді. Алайда соның салдарынан кейін өнім сақтауға жарамай қалады. Бұл мәселе былтыр да өзекті болған. Ол кезде еңбек мигранттарын студенттер және сотталушылармен алмастыруға тура келді.

Ұлыбританияда да еңбек мигранттары тапшы. Алайда оның басты себебі коронавирус емес, Брексит. Корольдік Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін одаққа мүше елдердің мұнда келуі қиындаған. Салдарынан гүл өсіру саласында маусымдық жұмысшылар жетіспей жатыр. Енді фермерлер биыл жиналатын гүлдің көлемі 75%-ке дейін қысқаруы мүмкін екенін ескертеді.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы