429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттік өрт сөндірушілер тактикалық оқу-жаттығу дайындығын өткізді

  • 84
  • UPD: 23:51, 28.04.2021

Бүгін Шымкентте өрт сөндірушілер мен орманшылар тактикалық оқу-жаттығу дайындығын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шараға барлығы 20 техника, 100-ден астам жеке құрам жұмылдырылды. Сценарий бойынша жер жырту кезінде трактордан шыққан ұшқын жақын маңдағы жайылым мен орманға қауіп төндіреді. Отты сөндіруге қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мен орманшылар, жасыл белдеу және тағы басқа мекеменің мамандары қатысты.

Бұл жайылған өрт Шымкенттің орман қорына үлкен қауіп төндірді. Егер ол толық тұтанса, 612 га жасыл желекті жалынымен шарпып өтуі мүмкін. Мұнда көпжылдық үйеңкі, қарағаш және емен бар. Бұл жәй ғана оқу жаттығудың сценарийі. Орман қоры мен жасыл белдеуді тек бір ғана жағдай сақтап қала алады. Ол алдын алу жұмыстары мен тыңғылықты жаттығу. Тәжірибенің нәтижесі өткен жылы айқын көрініс тапқан еді. 20га бидай алқабы өртке оранғанда мамандар жылдам әрекет етіп, егістіктің басым бөлігін сақтап қалған.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Өткен жылы бірде-бір дала және орман өрті тіркелмеген. Өкінішке орай бір өрт бидай алқаптарында болды. 20 га алқап. Тиісті шаралар және түсіндірме жұмыстары жүргізілген бөлім басшыларына. Өздеріңізге белгілі, оңтүстік өңірінде жаз күні ауа райы 35-40 С дейін барады. Сондықтан біз әрбір мекеме басшыларына айтарымыз өз аумағында өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау.

«Мұндай қауіпті жағдай кез-келген уақытта болуы мүмкін», - дейді мамандар. Сондықтан мұндай оқу-жаттығу күш біріктіріп, ортақ әрекет етуге үйретеді. Нәтижесінде тілсіз жауды тез арада өшіргендер улы түтін жасыл алқапқа зиянын тигізбеу үшін судан қалқан жасап, қорған қоюды тағы да пысықтап алды.

Керімжан Пірімқұлов, «Жасыл белдеу» КММ директоры:

- Біз қазір қабылдау-өткізу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осыған байланысты жаттығуды осында өткізуді дұрыс көрдік. Себебі, мына қаланың маңында, елді мекендерге жақын орналасқан. Өрт қауіпстілігі өте жоғары болып есептеледі.

Болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері елді мекендерде өз құрылымдарын жасақтаған. Жалпы саны 405 адамнан тұратын 42 бекет бар. Онда 69 бейімделген қосалқы техникалар мен 14 өрт сөндіру мотопомпасымен жабдықталған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы