Биыл бірқатар өңірде құрғақшылық болуы мүмкін – сарапшылар

«Биыл бірқатар өңірде құрғақшылық болуы мүмкін», - дейді сарапшылар.

Осыған байланысты егістік алқаптарын ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруалардың өтініші бойынша бұл процесс 30 сәуірге дейін жалғасады. Сақтандыру құны қанша? Мемлекеттен қаржылай қолдау бар ма?

Естеріңізде болса, егін шаруашылығындағы сақтандыру науқаны 2019 жылдың соңына дейін міндетті түрде болған. Былтырдан бері ерікті жүйеге ауыстырылғаны белгілі.

Отандық ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибелі кәсіпкер Денис Плужник 30 мың гектардан астам егістік алқабының тең жартысын құрғақшылықтан сақтандырып қойды. Оның айтуынша, бұл арқылы шығынға ұшырау тәуекелі мейлінше азаяды.

Денис Плужник, кәсіпкер:

- Қазақстанның солтүстік және орталық аймағындағы егін шаруашылығы ауа райына тікелей тәуелді. Кейбір тәуекелдерге көз жұма қарауымыздың кесірінен қуаңшылықтан зардап шегіп жатамыз. Ізінше өнім бітік шықпайды. Ал бұл шаруаға келетін артық шығын. Осы себепті дәнді-дақыл мен өсімдік егуге кеткен шығынды өндіру үшін жер телімдерін алдын ала сақтандырып қойған тиімді деп ойлаймын.

Денис басқаратын кәсіпорын көбіне арпа, бидай, асбұршақ және зығыр өсіреді. Алқапта ылғалдың бар-жоғы туралы ақпарат цирфлық портал көмегімен Жерді қашықтан зондтау технологиясы арқылы анықталады. Биылғы егін егу науқанын келесі айда бастайды. Қазір техникалық дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ал ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда 56 шаруа қожалығы сақтандыруға өтінім берген.

Дамир Аспан, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз хатшысы:

- Егін шаруашылығында ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру бұл өте қолайлы деп айтуыма болады. Өйткені барлығы да автоматты түрде онлайн түрде жүреді. Сайт арқылы сол жерде өзіңіздің ЭЦҚ-ңызбен жеріңізді белгілейсіз. Егін шаруашылығының қай бағытта екенін көрсетесіз. Қанша аумақтағы жерді сақтандыруды көрсетесіз. Және де соған қатысты қажетті мөлшерде ақысын төлейсіз.

Жалпы екі фазалы өнім бойынша сақтандыру тарифі – 4,8%. Ал 3 фазалы өнім бойынша – 3,2%. Бірақ тәуекелдерге шекеден қарап, барлық ауыртпашылықты өз жауапкершілігіме аламын деген фермерлер де жоқ емес. Қалай болғанда да сақтандыруға жұмсалатын ақшаны үнемдеп қалу – олардың өз еркі.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мәселен, фермер 100 га жерін сақтандырғысы келеді. Шығындар нормативін 1 гектар үшін 40 мың теңге деп алсақ, сақтандыру сыйлықақысы 2 фазалы өнім бойынша 4,8%-пен 192 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар 50%-тік мемлекеттік қолдау да қарастырылған. Яғни, 192 мың теңгенің тең жартысын мемлекет төлейді.

Мамандардың айтуынша, өнімнің бітік шығуы және ылғалдың жеткілікті болуы қыста түскен қар көлеміне байланысты бола бермейді. Егін егілгеннен кейін мамыр айындағы жауын-шашын көлеміне мән беру керек.

Агрометеорологиялық мониторинг департаментіндегілер «биыл Ақтөбе облысының оңтүстігі мен Орталық Қазақстандағы егістік алқаптарында ылғал жетіспеушілігі болуы мүмкін» дейді.

Нонна Лоенко, «Қазгидромет» РМК агрометеорологиялық мониторинг департаментінің директоры:

- Ауа райы болжамы бойынша жауын-шашын мөлшері Қарағанды және Ақтөбе облыстарында шамадан аз болуы мүмкін. Елдің басқа өңірлерінде қалыпты жағдай сақталады деп күтеміз. Тіпті кейбір облыстарда жаңбыр шамадан тыс жауу ықтимал.

Еске сала кеткен жөн, былтыр құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлер 535 млн теңге сақтандыру төлемін алған болатын. Биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 млрд теңге бөлінеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсембаев, Жәния Қарашолақова

Сондай-ақ...