Ғұлам Омаров: Барлық ұлт пен ұлыс мемлекеттік тілді білуі тиіс

Жамбыл облысында 80-нен астам этнос өкілдері тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып келеді. Білімі мен біліктілігінің арқасында табысты жұмыс істеп жүргендердің бірі – Ғұлам Омаров. Дәрігер маман 10 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. «Бұл ұлтаралық татулықтың дәнекері, һәм дәлелі», - дейді ол. Өзбек этномәдени орталығының өкілі қазір облыстық мәслихат депутаты ретінде аймақ тұрғындарын толғандыратын мәселелер дер кезінде шешілуіне ықпал етіп келеді.

Ғұлам Омаров, Өзбек этномәдени орталығының өкілі:

- Жастар тәрбиесіне басымдық берген жөн. Менің отбасым көпұлтты. Жұбайым қазақ. Балаларым екі ұлттың да тарихын қатар оқиды. Қазақ тілінде білім алады. Ұрпағымыздың мемлекеттік тілді білуі еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Барлығы тәрбиеге байланысты. Олар бірлік, татулық, достық, отансүйгіштік деген ұғымдарды қастерлеп бәрінен жоғары қою керек. Оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше.