Алматыда тоғыз миллион тұратын дәретхана орнатылады

Алматыда құны 9 миллион тұратын жиырма әжетхана орнатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаланың Туризм басқармасы мемлекеттік сатып алу сайтына дәретхана модулін жасау және монтаждау бойынша конкурс жариялаған. Жобаның жалпы құны – 178,5 миллион теңге. Жұрт қажетін өтейтін жердің неге соншалықты қымбаттығын басқарма өкілдері қаланың туристік келбетімен байланыстырды. Заманауи үлгідегі әжетхананың эскиздік сызбалары қаланың дизайнына сай жасалған. Дәретханаларда қабырғаға орнатылатын жылу электр конвекторы және суды жылытуға арналған қазандық болады. Қымбат дәретханалар қаланың орталық көшелеріне қойылады. Жылдың соңында қолданысқа берілетін қымбат дәретханаларға кіру ақысы 100 теңге. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, дәретхана орнату қала тұрғындарының өтініші бойынша қолға алынған.

Марлен Маралов, қалалық туризм басқармасы басшысының орынбасары:

- Мұндай дәретханаларға сұраныс бар. Қала тұрғындары мен қонақтарының ұсынысы болған. Дәретхананың бағасы компаниялардың коммерциялық ұсыныстары негізінде жасалды. Бұл сомаға дәретхана модулін жасау, құрастыру, жеткізу құны мен сантехникалық құралдарының бағасы кіреді. Дәретханаларда желдеткіш, жылыту, сыртқы бақылау камералары орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де тиісті талаптар ескерілген.