429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда маскасы жоқ адамды тауып, бетперде ұсынатын құрылғылар пайда болады

  • 61
  • UPD: 10:02, 29.04.2021

Ақылды құрылғы тәртіп бұзғанды біле қояды.

Қарағандыда халық көп баратын орындарында маскасы жоқ адамды бірден тауып, бетперде ұсынатын құрылғылар пайда болады. Бұл автоматтың авторы бұрын таксист болған. Ол ІТ-саласына қызығып, өз бетінше іздене бастапты. Нәтижесінде қосымшалары сәтті шығып, Ресей мен АҚШ-тың ірі компанияларында қызмет еткен.

Мейірлен Жұманов колледж бітіргеннен кейін 5 жыл такси жүргізушісі болып қызмет еткен. Бір күні таксидің ұялы телефондағы қосымшасына қызығушылығы оянады. Сөйтіп, бағдарлама жасауды ғаламтор беттерінен оқып-үйрене бастайды. Жарты жылда ІТ саласына бет бұрды. Ресей мен АҚШ-та қызмет етіп, өзін толық жетілдіргенін айтады. Қазір жаңа жоспар құрған.

Мейірлен Жұманов, ІТ маманы:

– Қызметкер емес, өзім стартап сияқты бизнес саласына кеткім келді. Сол себепті америкалық компаниядан жұмыстан жарты жыл бұрын шықтым. Қазіргі уақытта жасанды интелект бойынша өз жобаларымды шығарып жатырмын.

Жасанды интелект саласындағы бастапқы құрылғы мынау. Қазіргі қоғамға аса қажетті – бетперде режимін сақтауға ықпалдасатын аппарат. Яғни келген адамның ыстығын өлшеп, қолына антисептик, бетіне маска ұсынады. Тіпті осы саланы дамытуға талантты қазақ жастарынан команда құрған.

Ардақ Жахин, менеджер:

- Қазіргі таңда барлық салада автоматизация жүріп жатыр. Сондықтан енді шетелдік емес, қазақстандық ішкі нарықтан шыққан компания болуы жөн деп ойладық. Бірінші кезекте біз өзімізге де басқаларына да көрсеткіміз келді, Қазақстанда да осындай жобалар жасалатынын, жаңа технологиямен адамдар жұмыс істейтінін.

Аталған терминалдар алдағы бір айда толық дайын болады. Қазір құрылғыға бірқатар ірі орталықтан тапсырыс түсіпті. Келесі кезекте Мейірленнің командасы «ақылды үй» жобасы бойынша жұмыс жүргізіп, қазақстандық брэнд жасап шығармақ.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы