Төрт оқушы қызды қаққан мас жүргізуші 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

Алматы облысында төрт оқушы қызды қағып кету оқиғасы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлады inAlmaty.kz Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 2 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған. 54 жастағы мас жүргізуші 8 және 9 жастағы төрт оқушы қызды қағып кетті.

Апат салдарынан үш оқушы ауруханаға жатқызылды, кейін олардың екеуі көз жұмды.

«Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу басталды, ол бойынша ең жоғары жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген», - дейді прокуратура.

Жүргізуші қамауға алынды, барлық қажетті тергеу әрекеттері мен сараптамалық зерттеулер жүргізілді.