Елордалық жоғары білікті дәрігерлер өңірлерге барып, тәжірибелерімен бөліседі

5 мамыр мен 24 маусым аралығында елордалық жоғары білікті дәрігерлер республика өңірлеріне сапармен барып, жергілікті мамандарға тәжірибелік және әдістемелік-консультациялық көмек көрсетеді.

Олар жоғары мамандандырылған көмекке мұқтаж науқастарды қабылдайды. Шеберлік сабақтарын өткізіп, жергілікті емдеу мекемелерінде күрделі операциялар жасайды.

Шараның мақсаты – өңірлік денсаулық сақтау жүйесін дамыту арқылы отандық медицинаның сапасын арттыру және жоғары мамандандырылған көмектің тұрғындарға қолжетімділігін арттыру. 

Өз саласының майталман мамандарынан жасақталатын «UMC» КҚ дәрігерлер тобы мамырдың 12-14 күндері Атырау облысына, 19-21 мамырда Ақтөбе облысына, 26-28 мамыр күндері Маңғыстау облысында, маусым айының 1-3 күндері Ақмола облысында, 2-4 маусымда Батыс Қазақстан облысында, 8-10 маусымда Павлодар облысында, маусымның 9-11 күндері Солтүстік Қазақстан облысында, 16-18 маусым күндері Қостанай облысында, 23-24 маусымда Түркістан облысы мен Шымкент қалаларына барады.

Осындай сапарлардың нәтижесінде өңірлік дәрігерлер өз салалары бойынша озық технологияларды меңгеріп, түрлі ауруларға қарсы күресті тиімді жүргізіп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі арта түспек.