Нұр-Сұлтанда «Астана Опера» маңындағы көпірде тағы жол апаты болды

Нұр-Сұлтанда «Газель» жүргізушісі «Астана Опера» көпірінің астында жол-көлік оқиғасына ұшырады, деп хабарлады Tengrinews.kz.

«28 сәуірде сағат 20:15-те «ГАЗ-3302-288» маркалы автокөліктің 22 жастағы жүргізушісі Қонаев көшесімен Тұран даңғылына қарай қозғалып бара жатып, жол белгісін елемей, көлік құралының өлшемдерін ескерместен тоннель қабырғасының қаптама тақтасын қағып кетті. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады елордалық полицейлер.

Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

«Материал бойынша процестік шешімді Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қабылдайды. Елордалық полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысының барлық белгісі мен ережесін қатаң сақтауды ескертеді», - деді ведомство өкілдері. 

Бұл көпірдің астында бұған дейін де апаттар болған. 2020 жылдың қазанында жүк көлігі жаяу жүргіншілер көпірінің астындағы жолға сыймай, көлікке зақым келтірген. Оның алдында 26 тамызда көпірге жедел жәрдем көлігі соғылған болатын.