ҚР ІІМ шетелге жылына бір рет қана шығуға болатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандықтарға шетелге жылына бір рет қана шығуға мүмкіндік беретін заң жобасы әзірленіп жатқандығы туралы хабарлама таратылуда. Бұл – жалған ақпарат, деп хабарлады stopfake.kz.

Бұл ақпараттың түпнұсқасы Instagram-дағы Qaznews24 сатиралық паблигінен алынған. Бұл аккаунттың профилінде жарияланымдардың шынайы емес, тек көңіл көтеру мақсатында ойлап табылатындығы және шындыққа еш қатысы жоқ деп жазылған.

Дегенмен, блогерлер хабарламаны дереккөзді көрсетпестен таратып, оқырмандарды жаңалықтың шынайылығына сендірген. ҚР ІІМ шетелге шығу санын шектеу туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Инстаграм қолданушысы көші-қон саласындағы халықаралық келісімдерге қатысты жалған ақпарат жариялады. ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Қазіргі уақытта ІІМ көші-қонға қатысты 23 келісімге қол қойды, оның 15-і реадмиссия туралы, 5-і көші-қон саласында және 3-і болу тәртібі туралы. ІІМ өз кезегінде келісімдерге қол қою кезінде ең алдымен азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғауды басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 2-тармағына сәйкес «Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар», – делінген ведомство жауабында.

ҚР ҚК 247-бабына сәйкес жалған ақпарат тарату заң бойынша қудаланады.