СҚО-дағы ауыл кәріз желісінен ажыратылып, халқы ыдырап кетуі мүмкін

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір ауылдың тұрмыстық қалдығы шашылайын деп тұр. Водопроводное елді мекені орталық кәріз жүйесінен ажыратылады. Мәселе мынада: тұрмыстық қалдықтар ағатын құбыр - су тарату торабына қосылған. Мамандардың айтуынша, оның зияны Есіл өзеніне тиеді. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Водопроводное ауылында 500-ге жуық адам тұрады. Елді мекенде екі қабатты 11 тұрғын үй, мәдениет үйі және де мектеп бар. Олардың бәрі де орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған.

Бұл ауыл кеңестік кезеңде су тарату торабының жұмысшыларына арнап салынған.

«Ауыл деген аты ғана. Бұрын бәрі орталықтаныдырған еді», - дейді тұрғындар. Тоқырау жылдары жұрт жылусыз қалды. Енді кәріз жүйесінен де ажыратайын деп жатыр. 

Сәния Мекебаева, Водопроводное ауылының тұрғыны:

- Ажыратып тастаса біз бәріміз сусыз да қаламыз. Канализациясыз да қаламыз. Болды. Кетеді сосын осында жұмыс істейтін кісілердің бәрі көшіп кетеді.

Бұл кәсіпорыннан 140 ауылға таза ауыз су таратылады. Кәріз құбырлары орталық коллекторға қосылған. Жылдар бойы ағып келген қалдықтар енді айналаны лайлап жатыр. 

Никита Забавин, сумен қамту кәсіпорнының бас инженері:

- Тұрмыстық қалдықтар тұндырғыш тоғанда тазартылып, Есілге ағады. Бірақ экологтар ол суды тым лас деді. Енді бізге айыппұл салынады. Сондықтан осындай шешімге келдік.

Мамандардың айтуынша, ауылдан ай сайын бір жарым мың текше метр қалдық жиналады. Былтыр тұрғындар қосылып су сору көліктерін жалдайтын. Бірақ бұл мәселені шешпеді. Амалы таусылған жұрт тағы да жиналып, жауаптыларға өркениет игілігін бұзбаңдар деген талап қойды.

Абай Шайменов, Рассвет ауылдық округінің әкімі:

- Қалай бұны шешуге? Жаңадан коллектор салуға осында ауылда или биопруд. Соны көріп, санап, санап, қаншама оған строительный материал керек, қанша ақша кететінін, бәрін сол проектно-сметный документациясын істеп, сосын екі күннен кейін уже ақырғы шешімді қабылдап, біздің әкім районға барамыз.

Су тарату ұйымы мәселені шешуге бір ай уақыт берді. Қазір ауылда кәріз желісінен бұрын қарапайым халықтың үміті үзілейін деп тұр.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев