Арам ақша тапқысы келетін алаяқтар түрлі құйтырқы әрекетке барады

Елімізде алаяқтардың құрығына түсу деректері жиіледі. Жұртты алдау тәсілі де әртүрлі. «Шотыңа ақша саламын» деп, атыңа несие рәсімдеп жіберетіндер пайда болды.

Пандемия кезінде халықтың басым бөлігі үйіне қамалды. Осы сәтте онлайн жұмыс істеу, ғаламторда сату, сатып алу жүйесі қарқын алды. Дегенмен, онлайнда отырып, опық жегендер көбейді. Алаяққа алданып, сан соғып сенделгеннің бірі Жазира Дүйсенбекова. Ол өзінің атына несие рәсімделгенін білмеген.

Жазира Дүйсенбекова, қала тұрғыны:

- Микроқаржылық ұйымнан хабарласып, менің жабылмаған несием бар екенін айтты. Түк түсінбедім. Мен ол компаниядан қарыз алмағанымды айтып ақталдым. Бірақ «егов»-тан тексергенімде атымда несие тұр және ол төленбеген. Ешқандай қарыз алмағанымды білемін. Бірақ менің атымнан несие рәсімделген. 

Осы алаяқтық іс-әрекеттің сызбасын қараңыз. Жәбірленуші тауар сатамын деп хабарландыру қалдырады. Алаяқ сатып алушы ретінде хабарласып, ақшаны шотыңа жіберемін деп, ЖСН номері мен банк карточкасын сұрайды. Шотқа 100 мың теңге түседі. Іле-шала әлгі алаяқ артық ақша аударып жібергенін айтып, қалған соманы қайтарып алады. Жәбірленуші алаяқтың құрығына түскенін сезбейді. Өйткені шотына түскен 100 мың теңге оның атынан микроқаржылық ұйымнан алынған несие еді.  

Анатолий Глухов, Қазақстан қаржы технологиялары қауымдастығының директоры:

- Алаяқтық іс-әрекеттер бар екенін жасырмаймыз. Біздің тәжірибеде бұл бірінші жағдай емес. Алаяқтар адамдардың жеке мәліметтеріне қол жеткізіп, кейін атынан несие рәсімдеп жатады. Сондықтан кез келген азамат жеке бас мәліметіне ұқыпты болу керек.

Алаяққа алданғандар Қазақстан қаржы технологиялар қауымдастығына хабарласып, арыз жазуы тиіс. Егер жәбірленушінің зардап шеккені расталса, атына заңсыз рәсімделген несие жойылады.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Бүгінде алаяқтық жасайтындар көбейді. Жеңіл жолмен арам ақша тапқысы келетіндер түрлі құйтырқы іс-әрекетке барады. Несие рәсімдеу үшін құжат пен бірнеше қағаз толтыру керек еді. Ал қазір смартфонмен сыртыңыздан сансыз несие рәсімдеп жіберуі мүмкін. Сақ болыңыз.

Авторлар: Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Серікұлы