Қырғыз және тәжік үкімет басшылары Қазанда кездесу өткізетін болды

Қырғызстан премьер-министрі Ұлықбек Марипов пен Тәжістан үкіметінің басшысы Кохир Расулзада 30 сәуірде Қазан қаласында кездеседі.

Ертең Татарстан астанасында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы белгіленген болатын. Шұғыл басқосу осы жиналыстан кейін болады. Бұл туралы Қырғызстан үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «24 КейДжи» сайты хабарлады. Қырғыз-тәжік шекарасына жақын Баткен облысындағы жағдай әлі реттелген жоқ.

Тәжікстанның Исфара қаласы басшылығының хабарлауынша, осы елдің 3 азаматы қаза тапты.

Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің мәлімдеуінше, екі жақты қарулы қақтығыстан 20 адам жарақат алған. Бір қырғыз азаматы қаза тапқан.

Баткен ауданы басшысының айтуынша, тәжік әскерилері шекара бойындағы үйлерді өртеген. Тәжікстан мен Қырғызстан жағынан шекара жаққа қосымша әскери күштер тартылуда. Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилерінің арасында атыс басталғаны және қақтығыс аумағынан қауіпсіз жерге 848 адам көшірілгені хабарланды. Бұл туралы Қырғыз елінің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеттің Шекара қызметі мәлімдеді.

Айтуынша, оқты тәжік сарбаздары бірінші болып атып, миномет орната бастаған. Ал Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Мемлекеттік комитеті Қырғызстан әскерін айыптап отыр.

Айта кетейік, Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғындары тәжік сарбаздарынан су тарататын бекетте орнатылған видеобақылау камерасын алып тастауды талап еткен. Бірақ екі жақ тіл табыса алмай, бір-бірін тілдеп, тас лақтыра бастаған. Соңы куәгерлердің айтуынша, атысқа және тіпті жарылысқа ұласқан. Қазір Бішкекте Баткен тұрғындарын қолдаған шеру өтіп жатыр. Олармен кездесуге Қырғыз Сенатының спикері шыққан.

Талант Мамытов, Қырғыз Парламенті Сенатының спикері:

- Кейбіреулер Тәжікстанмен шекарадағы жағдайды пайдаланғысы келіп, арандатып жатыр. Президент бәрін бақылауда ұстап отыр. Жогорку Кенеш шұғыл жиналыс өткізді, ақпарат алды. Екі ел мәселені келіссөздер жолымен шешуі тиіс. Біз көршілес елдермен әрқашан достықта өмір сүріп келеміз, осы қарым-қатынасты жалғастыруымыз керек. Бірақ арандатушылық әрекеттер жауапсыз қалмайды. Тиісті жауап беріледі.