Павлодарда саяжайларды қызыл жалын жайпады

Павлодардағы бағбаншылық шаруашылықтарда өрт қауіпсіздігі сақтала бермейді. Соңғы күндері қызыл жалын жүзден аса жер телімін күлге айналдырды. Басым бөлігі қараусыз қалған саяжайлар. Тілсіз жаудың жиілеуіне не себеп? 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Саяжай аумақтарына тілсіз жаудың қайдан келетінін болжау қиын. Көп жағдайда адамдардың салғырттығы себеп болып жатады. Саяжай маусымы басталмай жатып жеті ірі өрт тіркелген. Соның салдарынан 100 шақты жер телімі мен 20  үйдің түгі қалмай жанып кеткен.

«Энтузиаст» бағбаншылығында болған ірі өрттің орыны бұл. Саяжай иесі қураған шөпті жолдың тура ортасында  жаққан. Екпіні қатты жел қызыл жалынды үдете түскен. Алдымен шарбаққа жайылған өрт, көрші аумаққа өтеді. Одан кейін барлық жер телімдеріне тарайды.

Мұхамед Жеңіс,  қалалық ТЖ Басқармасының инженері:

- Өрттің салдарынан бұл ауданда 90 жер телімі зардап шекті. Оның арасында бос қалған аумақтар да бар.

Өткен демалыс күндері өрт оқиғалары Павлодар мен қатар Екібастұз қаласында да тіркелген. Кеншілер шаһарында 55 саяжай мен 18 үй жанып кетті. Саяжайлардағы жағдай күрделі. Бағбандар өрттің құрбанына айналамыз ба деп қорқады.

Қала тұрғыны:

- Украли всё уже, нету ничего. Трубы были железные, нету их, ни кранов, ни труб, ничего нет.

Зейнеткер Людмила Лисица қараусыз қалған жер телімін екі жыл бұрын сатып алыпты. Айналасын қоршап, бақша салып, жеміс еккен. Ол өрттің жиілеп кеткеніне алаңдайды. «Бір күнде бәрінен айырылып қаламын» деп қорқады. Себебі мұндай келеңсіз оқиғаны басынан өткерген. 

Людмила Лисица, зейнеткер:

- Бір рет емес, мен бірнеше рет  осындай жағдайларға тап болдым. Бәрін көрдім. Әуелі немерелерімді алып қашқан күніміз де болған. Өте қорқынышты жағдай.

Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері саяжай иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, арнайы жадынамалар таратып жатыр. Кейде қараусыз қалған саяжайлардағы темір-терсекке қызығатындар қасақана от қояды. Ондай деректер тіркелсе келтірілген шығын есептеліп, кінәлілер міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. 

Тілекжан Галямов, Павлодар қаласы ТЖ Басқармасы басшысының орынбасары:

- Егер де әкімшілік құқық бұзушылық анықталған жағдайда міндетті түрде хаттама толтырылады. ҚР Әкімшілік Кодексінің  410 бабына сәйкес 10 айлық көрсеткішке дейін айыппұл көзделген

Облыс аумағында орналасқан 29 бағбаншылықта соңғы өрттерден 158 саяжай телімі зардап шекті. Жалпы көлемі 40 гектар жер күлге айналды. Көпшілігі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан болған. Саяжай өрттері күрделі санатқа жатқызылады. Себебі қызыл жалын тез жайылады. Су желілері болса әлі  толық іске  қосылмаған. 

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков