Алматылық оқушының қарақұртпен күрес туралы еңбегі Ресейдегі байқауда орынға ие болды

Қарақұрттан қалай қорғануға болады? Алматылық оқушы Иннокентий Трескуновтың ғылыми жобасы дәл осы тақырыпқа арналған. Оның бұл жұмысы Мәскеудегі Тимирязев академиясы ұйымдастырған ғылыми байқауда 3-орынға ие болды. Бұған дейін жас энтомолог зерттеу жұмыстарын «Дарын» республикалық байқауына да ұсынып көрген. Бірақ олар түрлі сылтау айтып жобаны қабылдамай қойған.

10-сынып оқушысы Иннокентий қарақұртпен күресудің үш бірдей жолын ұсынып отыр. Алғашқысы саздан жасалған тұзақ. Бір ауыл маңына ондай 30-40 тұзақ орнату қажет екен. Екіншіден, ол алқапты өртеуге болмайтынын ескертеді. Себебі ұясы бұзылған соң қарақұрт ауылға тіптен жақындайды. Ал үшінші әдіс алдыңғы екеуіненде тиімді болады деген үмітте. Көктем кезінде ауылдың ық жағына тор орнатуды ұсынады. Бұл өрмекшінің көшін ұстап қалады.

Иннокентий Трескунов, оқушы: 

- Қазір үйде өрмекшінің бірнеше түрі, сарышаян басқа да түрлі жәндіктер бар. Олардың әрекетін, қалай қоректенетінін, зияны мен пайдасын өзімше зерттеймін. Ал ауыл тұрғындарын қарақұрттан қорғауға арналған жобама мәскеулік ғалымдар қызығушылық танытты. Қатысушылар көп болды. Соның ішінен менің жұмысым алғашқы үштіктің қатарынан көрінді. Менің жәндіктерге деген қызығушылығым 8-9 жасымнан басталды. Даладағы құрт-құмырсқаларды үйге таситынмын. Кейін жоғары сыныпқа көшкенде биологияға деген қызығушылығым артты. 

Иннокентий өзін «нағыз табиғат жанашырымын» дейді. Сондықтан түрлі жәндіктерді улау жұмыстарына тіптен қарсы. Себебі оған арналған дәрі зянкестермен қоса қоршаған ортаға пайдалы жәндіктер мен жасыл желекке де кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан табиғатты да, адамды да қорғауға өз жобасының көмегі тиеді деген пікірде. Оның барлық бастамасына биология пәнінен сабақ беретін ұстазы Татьяна Зератова үнемі қолдау білдіріп келеді.

Татьяна Зератова, биология пәнінің мұғалімі:

- Мен Иннокентийге 6 жылдан бері сабақ беріп келе жатырмын. Ол менің пәнімді қызығып оқиды. Бұған дейін де олимпиаларда орын алған. Осы жобасын бір жыл дайындады. Аудандарға шығып, алқап басынан жәндіктерді өзі ұстап келеді. Ал Мәскеудегі жеңісі оны тіптен қанаттандырды. Ол болашақта аграрлық салада жұмыс істегісі келеді. 

Мәскеудегі байқау қорытындысы бойынша Иннокентийге сол елдің жоғары оқу орындарына түсу үшін қосымша балл қосылады. Сондай-ақ ол грантқа үміткерлер тізіміне енеді.

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев