Қаржы пирамидалары қарапайым жұртқа «қақпан құруын» доғармай отыр

Қаржы пирамидасы қараша халықтың қалтасын әлі қағып жүр. 27 сәуір күні Алматыда алаяқтарға алданған азаматтар құзырлы орындарға жүгінуге мәжбүр болған. Қазіргі таңда осы мәселеге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетті. Қаржы пирамидасының құрығына түскен кімдер? 

Өнер жұлдыздарының және вайнерлердің әлеуметтік желідегі осындай жарнамалары талай жұрттың тақырға отыруына сеп болуда. Өйткені оңай жерден олжаға кенелуді ойлайтын белгісіз компаниялар жарнаманы кімге жасатуды жақсы біледі.

Ұлжалғас, жәбірленуші:

- Танымал өнер жұлдыздары, блогерлер. Сосын ойлайсың қазір карантин болған соң сыртқа шығып біле алмайсың ғой. Содан кейін өздері де жақсы реклама жасады. Адал жолмен істелінеді деп айтты бізге. Содан кейін бізде соған сеніп қалдық негізінде.

Есім-сойын толық айтпауымызды өтінген бұл жәбірленуші осы жылдың қаңтар айында күйеуі екеуі жиған терген 5 млн теңгесін Mudarabah Capital компаниясына берген. Ай сайын 10 процент көлемінде үстеме ақы алу керек болған. Үстеме ақы емес қазір өз ақшаларын ала алмай жүр.

Динара Жұбатова, заңгер:

- Бізге заң консультациясын алу үшін келген адамдардың жағдайы бірдей. Әрқайсысы инстаграм желісі арқылы белгілі блогерлер түсірген жарнаманы көріп, Mudarabah Capital компаниясына қаржылық инвестиция салған. Қаржылық инвестицияның көлемі 5 млн теңгеден 20-40 млн дейін жетеді. Негізі келісім-шарт Mudarabah Capital және Астекс компанияларымен жасалған. Келісім шартың міндеттемесі бойынша әр салынған инвестициядан 10 процентке дейін пайда тию керек еді әрбір вкладчикке.

«Mudarabah Capital» компаниясының бас директоры Руслан Бурканов біздің міндет жарнама жасап «Astex» компаниясына салымшыларды жинау болатын. Сондықтан 160 салымшыны жинап, олардан түскен 2 млрд теңгені «Astex»-ке аударғанбыз. Қазір осы компанияның басшылары ұшты-күйлі жоғалып кетті. Олар бізді де алдап кетті дейді.

Руслан Бурканов, Mudarabah Capital компаниясының бас директоры: 

- Адамдар бізге сенді. Бізге сенді. Бізге ақшаны алып келді. Біз алдық. Енді бізді лақтырып кетті. Біз еркекпіз. Мы обязательства не снимаем. Бізде 4 компания бар басқа. Действующая компания. Олар хат жазып береді. Действующий бизнес. Колбаса, БАД-ы, ресторан бізде, стритфуды запускаем, иншалла все наше, Мударабы кэпитал. Все возвратим. Это вот видео доказательство. Если я не отдам пусть Аллах меня накажет. Аллах все видит, Аллах все знающий. 

Бұл жағдай бір емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Мамандар Қазақстандағы қаржы пирамидаларына шектеу қоятын заңды әлі де жетілдіру қажет деп есептейді. Өйткені елімізде халықты алдап жүрген алаяқтар әлі де азаймай тұр. 

Авторлар: Жандос Айтбайұлы, Эдуард Кон